World News

Шәкірті 42 елден шақырту алған түркістандық ұстаз: Маңыздысы - алғыс

Шәкірті әлемнің 42 университетінен оқуға шақырту алған ұстазды таптық. Жас та болса оқушыларының жүрегінен жол тапқан мұғалім Түркістан облысында тұрады. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында жас педагог шәкірттерге мотивация берудің ерекше әдіс-тәсілін бөлісті.
31 жастағы Арғын Бастами - Қарағанды облысының тумасы. Өзі де Қарағандыдағы алдыңғы қатарлы білім ордасы - Нығмет Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатында білім алған.
Жеке архивтен

"Нұрмақов мектебі деп те жатады, мен оқыған мектеп - республикаға танымал мектептердің бірі. Кейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде география мамандығы бойынша бакалаврда оқыдым. Осы оқу орнынан жаратылыстану ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым", - дейді ол.

Ол мектепте оқып жүрген кезінде-ақ жаратылыстану ғылымының сырына үңіліп, географиядан олимпиадаларда топ жарған. Ерекше мұғалім бала кезінде гандболмен де айналысқан, осылайша, гандбол бойынша спорт шебері атағын алған.
Бүгінде оның білім беру саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына 10 жыл. 8 жыл мектепте қызмет атқарса, 2 жылдай уақыт жоғары оқу орындарының жатақханасында жұмыс істеген.
"Ұстаздық - жан қалауым", - дейді ол. Себебі оның бала кезден көріп өскен жақындарының бәрі - мұғалім.

"Нағашы жақтан 6 адам - ұстаз. Нағашы әжем де ұстаз болған. Анам да мұғалім. Бәрінен балаға үйретуші болғанның рөлі, маңызы, пайдасы туралы көріп өстім. Олар көп білетін, көп оқитын, көп зерттейтін. Кез келген сұраққа жауап бере алатын, сканвордтар шешетін. Сол маған қатты қызық болды. Оларға қарап, мен де ұстаз болғым келді. Басында туризм саласында әлемді шарлағым келген, бірақ Ержанат Бакиров деген тәлімгерім педагогика бағыты дұрыс екенін айтты. Сөйтіп мұғалім мамандығын таңдадым. Ол кісі өзі де мұғалім. Қазір Петропавл қаласында Дарын мектебінің директоры. Көп шәкіртіне таңдап жатқан жолының маңызын айтатын. Сыныптан сол кісінің әсерімен 4 адам мұғалімдікті таңдадық", - дейді ол.

Арғын Бастами алғашында Шымкент қаласындағы Білім-инновация лицейінде 5 жыл жұмыс істеген. Ал қазір Түркістан Білім-инновация лицейінде жұмыс істеп жатыр.

"3 жыл бұрын Шымкент Білім-инновация лицейінде жұмыс істеп жүрген кезде Сейілхан Мирас деген оқушым Қазақстанда рекорд қойған болатын. 35 университеттен шақырту алды. Кейін БАҚ-та, әлеуметтік желіде оның жетістігі жарияланды. Өзі де ізденімпаз оқушы еді, мектебіміздің президенті болды", - дейді жас ұстаз.

Түркістан қаласына ауысып келгенде тағы бір шәкірті - 10-сынып оқушысы Ислам Әбдурахманов Мирастың жолын қуған. Ислам Әбдурахманов Еуропаның бірнеше елінен, Америка Құрама Штаттарынан оқуға шақырту алған.

"Исламға да қолпаштаушы, жол көрсетуші болуға тырыстық. "Мен одан асып түсемін" деп жақсы нәтиже көрсетіп, 42 университеттен шақырту алды. Бүгінде Мирас Нью-Йорк қаласында оқып жатыр. Ал Ислам Техас штатында оқып жатыр", - дейді ол.

Арғын Бастамидің айтуынша, кез келген мектепте жұмысын бастаған кезде оқушыларды толық тану үшін эссе жазғызады. Мұғалімнің сөзінше, мұның берері мол.

"Көп адам ішкі жан дүниесін сыртқа айта бермейді. Барлығына айта бермегеннен кейін мұны жазуы мүмкін. Өзіме керек тақырыптарды беріп, балалармен жұмыс істеймін", - дейді ол.


Суреттер: жеке архивтен
Ол жұмысының кейбір қиын сәттері туралы да әңгімеледі.

"7-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық баланы білуге, тануға, дұрыс таңдау жасауына көмектесуге тырысасың. Кейде ата-анамен арада екі тараптан бір ой болмай жатады, сондай сәттерде қиын. Ал кейде ата-анамен ортақ бір нәрсені қалайсың, бірақ баланың таңдауы мүлдем бөлек болады. Дегенмен баламен жұмыс істегенде махаббатыңды, көңіліңді арнасаң, қиындық туғызбайды", - дейді ол.

Түркістандық ұстаздың шәкірттері бүгінде Қазақстанды, шетелді бағындырып жүр.

"Отыз шақты оқушым республикалық олимпиадаларға қатысып, алтын, күміс, қола алды. Екі оқушым халықаралық олимпиададан орын алды. Ерзат Имамай мен Медет Тегістай шетелге барып, өздерін танытты, Қазақстанның намысын қорғады. Осындай балаларды дайындағаннан кейін сабаққа кірген жеңілдеу. Беделің болады, сен туралы аңыз әңгімелер айтылады", - дейді ол.

Дегенмен Арғын Бастами жақсы ұстаздың ең ұлық қасиеті қарапайымдылық екенін, сондықтан сабаққа кіріп, күлімдеудің өзі мұғалімнің қарапайымдылығын көрсететінін айтады.
Ол білім беру процесінде тағы қандай әдіс-тәсілдер пайдаланатынын айтты.

"Өзім көп кітап оқуға тырысамын. Әсіресе заманауи кітаптарды. Әлемнің үздік бестселлерлерін оқып, оқушыларға содан бір оқиға айтамын. Бұған балалар қызығады. Таңертең ерте жұмысқа келгенде, балалар менімен бірге кітап оқиды. Тек мектеп бағдарламасын емес, түрлі кітап оқу ой-қиялды дамыту үшін пайдалы. Осы әдіс те әр баланы жеке ашуға көмектеседі", - дейді ол.

Оның сөзінше, әр мұғалімнің өз тәсілі бар.

"Өз пәнімді сүйгеннен кейін таулар, баулар, сирек кездесетін өсімдіктер, жануарлар, т.с.с. жасыру арқылы баланың ой-қиялын ашуға тырысамын. Бірақ барлық мұғалім қолданатын әдісті мен де пайдаланамын. Одан бөлек, бұған дейін айтқанымдай, оқушыларға мотивация беру үшін өзім кітап оқимын, оқушыларыма да кітапты ұсынамын. "Сенің өмірің мына кейіпкерге, мына адамға ұқсайды екен, бет-әлпетің мына кісіге келеді екен" деймін. Сол арқылы олар мықты тұлғалардың өмірінен үлгі алады. Әрқайсының кітабын табуға тырысамыз. Ал сынып жетекші болған сыныбыңмен жұмыс істеу жеңіл. Қай пәнді ұнататынын, жалпы нені ұнатып, нені ұнатпайтынын білесің. Қолпаштау арқылы да тәрбиелі баланы өсіріп шығаруға болады. Осылайша, балаға жол сілтеуші боламыз", - дейді мұғалім.

Талапшыл, дарынды ұстаздың еселі еңбегі бағаланып та жатыр. Оның сөзінше, ең бастысы - марапаттан гөрі, ата-ана мен оқушылардың ризашылығы, алғысы.

"Алғаш жас маман болып келген кезде ең үздік жыл сынып жетекшісі атағын алдым. Бұл мен үшін үлкен мотивация, істеп жатқан жұмыстың нәтижесі болды. Бұл мені қатты қуантты. Республикалық олимпиадаларға балаларды дайындағаным үшін бұрынғы, қазіргі министрдің грамоталарын да алдым. Облыстық Білім басқармаларының, Дарын орталығының грамоталарына ие болдым. Дегенмен әрбір ата-ананың ризашылығы, рақметі бұл марапаттардан жоғары. Сондықтан баланың, ата-ананың ризашылығы бір саты жоғары тұрады. Ал оқушыларым әлі күнге дейін хабарласып тұрады, кездесіп тұрамыз", - деді ол.

Өзі ерекше ұстаздың шәкірттері де ерекше.

"Шерхан деген бір оқушым қазір Еуропада оқып жатыр. 9-сыныпта спортпен айналыса бастап, кейін спорт бағытын таңдап, 10-11 сыныпта атлетикалық дене шығарып, салауатты өмір салты туралы ғылыми жоба жазды. Қыштан гантилдер жасап, 1 жыл бойы бәрін зерттеп, кітап жазды. Бұл кітабын сатылымға да шығарды", - деді ол.

Айта кетейік, биыл Түркістанда Ұстаздар күні мерекесіне орай "Ұстазыма мың алғыс!" атты салтанатты іс-шара өтіп, шәкірті 42 елдің оқу орындарынан шақырту алған Түркістан Білім-инновация лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыстың атын әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілті табысталды.
Түркістан облысында жалпы 85 мыңнан аса педагог бар. Өңірдің мектептерінде 500 мыңнан аса бала білім алады. Республикадағы әрбір 7-оқушы Түркістан облысында. Биылғы жаңа оқу жылында өңірде 1-сыныпқа 52 мыңнан аса оқушы қабылданған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net