World News in Kazakh

Қошанов: Президент – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада "AMANAT" партиясы ұйымдастырған дәстүрлі "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл әдеби сайыс жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналды.
Өз сөзінде Мәжіліс Спикері, "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениет пен әдебиетке ерекше назар аударатынын атап өтті. Мәселен, былтыр Президент "Қазақстанның халық жазушысы" атағын қайтарды, сондай-ақ оның бастамасымен келесі жылдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтіледі.

"AMANAT" партиясы ұйымдастырған "Ұлы дала" байқауы Мемлекет басшысының ұлттық әдебиетке жүйелі қолдау көрсету жөніндегі саясатының жалғасы саналады. Біздің байқауымыз отандық таланттардың дамуына түрткі болды. Биылғы байқау балалар әдебиетінің классигі – Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аясында өткізілді. Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы елімізде ауқымды іс-шаралар өтті. Жазушының туған жерінде еңселі ескерткіші ашылды. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті", – деді партия Төрағасы.


Ерлан Қошанов "AMANAT" партиясы жас таланттарды, қарымды қаламгерлерді ұдайы қолдайтынына баса назар аударды.

"Бәріміздің ойымыз да, мақсатымыз да бір. Ол – елге қызмет ету, мемлекетіміздің болашағы үшін аянбай тер төгу. Ал, мемлекеттің мүддесі жолында адал қызмет етіп, елдің рухын көтеріп жүрген тұлға, ол – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы осы рух деген сөзді жиі айтады. Әділдік, адалдық, отан сүйгіштік, еңбекқорлық, оның ішінде адал еңбек сияқты құндылықтарға ерекше мән береді. Өйткені, бұл құндылықтар елдің рухын көтереді. Сіздердің шығармаларыңызға да осы қасиеттер, құндылықтар, елдегі оң өзгерістер арқау болуға тиіс деп ойлаймын", – деді Мәжіліс төрағасы.


"Ұлы дала" байқауы бесінші мәрте өткізіліп, осы уақыт аралығында игі дәстүрге айналды. Биыл байқауға қатысушылардан келіп түскен шығармаларды іріктеу жұмысы 1 тамыздан 30 қазанға дейін жүргізіліп, ақтық сынға 150 шығарма іріктелді. Оның барлығы аikyn.kz сайтында арнайы "Ұлы дала байқауы" айдарымен орналастырылды.

"Поэзия" номинациясында бірінші орынды ақын, adebiportal.kz жетекшісі Ықылас Ожайұлы иеленді. Екінші орынды ақын, журналист Мұхтар Күмісбек, үшінші орынды ақын, журналист Ислам Қабулұлы қанжығалады.
"Проза" номинациясы бойынша жазушы, педагог Гүлжан Қанатқызы үздік деп танылды. Екінші орынды жазушы, мұғалім Рамазан Жеткізгенұлы, ал үшінші орынды жазушы Тоқтарәлі Таңжарық иеленді.
"Балаларға арналған шығарма" номинациясында Серікжан Нұрбақытұлы жеңімпаз атанды. Екінші орын жазушы Айнұр Омароваға, үшінші орын ақын әрі театртанушы Әбіл Нұрисламға бұйырды.
"Драматургия" номинациясында бірінші орынды драматург Қолғанат Мұрат, екінші орынды жазушы Рахат Әлішер, үшінші орынды ақын Ақжан Аманжол иеленді.
"Әдеби сын" номинациясында Ақерке Асан жеңімпаз атанды. Екінші орынды ақын, сыншы Тілеубек Батыс, үшінші орынды Арман Әділбек иеленді.
Суреттер: Жаслан Жұмабеков
Сонымен қатар, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай тағайындалған "Үш бәйтерек" арнайы жүлдесі ақын Алмас Темірбайға табысталды. Жазушы әрі аудармашы Жадыра Шамұратова "Алаш аманаты" арнайы сыйлығын иеленді. Ал Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған арнайы сыйлық ақын, әдебиеттанушы Алтынбек Мерсадыққа бұйырды.
Айта кетейік, байқау аясында Бердібек Соқпақбаевқа арналған көрме ұйымдастырылды. М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Астанаға балалар әдебиеті классигі шығармаларының алғашқы басылымдарын, құжаттары мен жеке заттарын әкелді.

Читайте на 123ru.net