Ақ үй маңында атыс болды: Трамп күдіктінің қаза тапқанын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық құқық қорғау органдарына алғыс айтып, Ақ үй маңында оқ жаудырған ер адамның көз жұмғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұған дейін атыс кезінде Трамптың Ақ үй резиденциясында болғаны хабарланған еді.
"Бүгін кешкісін Ақ үй маңында қарулы қылмыскерге қарсы жедел әрі кәсіби әрекет еткен Құпия қызмет пен құқық қорғау органдарына алғыс айтамын. Бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған қаскөй еліміздегі ең маңызды ғимараттардың біріне басып кірмек болған болуы мүмкін. Шабуылдаушы Ақ үй қақпасының алдында Құпия қызмет агенттерімен атыс кезінде қаза тапты.
Бұл оқиға Ақ үй тілшілері қауымдастығының кешкі асы кезінде болған атыстан кейін бір ай өтпей қайталанып отыр. Бұл Вашингтонда болашақ президенттер үшін ең қауіпсіз әрі қорғалған аймақ құрудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Мұны еліміздің ұлттық қауіпсіздігі талап етеді", — деді АҚШ президенті.
АҚШ Құпия қызметінің ақпаратына сәйкес, белгісіз ер адам 17-көше мен Пенсильвания авенюінің қиылысында, Ақ үй кешеніне жақын маңда сөмкесінен қару алып, оқ ата бастаған. Қарымта оқтан жараланған шабуылдаушы ауруханаға жеткізілгенімен, кейін сол жерде көз жұмды.
Атыс кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан адам да оқ жарақатын алған. Құпия қызмет қызметкерлері зардап шеккен жоқ.
Ақ үй маңындағы атыс 2025 жылғы 2 желтоқсанда президент Трамп пен АҚШ-тың бірінші ханымы қатысқан Ақ үй тілшілері қауымдастығының кешкі асындағы оқиғадан кейін бір ай өтпей қайталанып отыр. Ол кезде де оқ атылған. Кейін президентке қастандық жасамақ болды деген күдікпен Коул Томас Аллен ұсталған.