Оралда көлік ұрлығына қатысты оқиға күтпеген жағдаймен аяқталды
Орал тұрғыны полицияға көлігі ұрланғаны туралы шағым түсірген. Алайда оқиға күтпеген жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары ұрыны құрықтаған, ол көлік иесінің кәмелетке толмаған ұлы болып шықты.
Ер адам көлігі жоғалғаны туралы жексенбі күні таңертең хабарлаған. Полиция көлікті қиылыстардың бірінен байқап, соңынан қуған.
Тізгіндегі адам берілуді ойламаған. Тәжірибесіз жүргізушіні тек жол жиегіндегі баған тоқтатқан, ол көлікпен соған барып соғылған. 14 жасар жасөспірім зардап шеккен жоқ. Кейіннен оның әкесі ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.
"Аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерін көлік жүргізу куәлігі жоқ адамның көлік басқаруына жол бергені үшін, сондай-ақ мүліктің бүлінуіне соқтырған жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр", - деп хабарлады БҚО ПД Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Әлима Гарифуллина.