World News in Kazakh

Қазақстандықтарға антибиотиктерді сатып алу қиындайды

Денсаулық сақтау министрлігі антимикробтық резистенттілік - бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі мәселесін көтеріп, олардың сатылымына бақылауды күшейту жоспарланып отырғанын ескертті, деп хабарлайды TengriHealth.
Қазақстан ДДСҰ ұсынымдарын орындамай отыр
Денсаулық сақтау министрлігі антимикробтық резистенттілік бүкіл әлемде өзекті мәселе болып қала береді және жүйелі шешімдерді талап етеді деп мәлімдеді.

"Жыл сайын әлемде 700 мыңға жуық адам антибиотиктерге төзімді микроорганизмдерден туындаған инфекциялардан қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай мұндай өлім-жітім саны 40 миллионға жетуі мүмкін", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, елдегі антибиотиктерді тұтыну құрылымы әзірге ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес келмейді.
Министрлік ДДСҰ ең көп таралған инфекцияларды емдеу үшін қолдануды ұсынатын Access тобындағы базалық антибиотиктердің үлесі жалпы тұтынудың небәрі 38,3 пайызын құрайтынын атап өтті, ал ұсынылған деңгей кемінде 70 пайыз болуы тиіс.
Бұл ретте, елімізде анағұрлым қуатты Watch тобындағы антибиотиктер әлі де кеңінен қолданылады, ал оларды шектен тыс пайдалану бактериялардың емге төзімділігінің дамуына ықпал етуі мүмкін.
Анықтама: Access - ең көп таралған инфекцияларды емдеуге арналған бірінші желідегі антибиотиктер. Олар тиімді әрі бактериялардың төзімділігін тудыру қаупі салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, ең қолайлы болып саналады. Watch - анағұрлым күшті антибиотиктер, оларды абайлап және тек белгілі бір көрсеткіштер бойынша қолдану керек, өйткені оларды шамадан тыс пайдалану антибиотикке төзімділіктің дамуын тездетеді.
Шешілмеген мәселелер мен жаңа шаралар
Мамандар елде антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау, препараттарды заңсыз сату және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі сияқты мәселелер сақталып отырғанын айтады.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова антибиотикке төзімділікпен күресу бойынша бірқатар тапсырма берген. Жарияланған тапсырмалардың ішінде:

антибактериалды препараттардың рецептісіз сатылуын бақылауды күшейту,
дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесін қолдану аясын кеңейту,
төзімділіктің даму қаупі төмен антибиотиктерді тіркеуге басымдық беру.

Бұл ретте оларды іске асыру мерзімдері әзірге нақтыланған жоқ.

Читайте на сайте