World News

"Үкімді жеңілдетуге 100 миллион теңге": Бишімбаевтың адвокаттары істің мән-жайын айтты

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары жазасын жеңілдетеміз деген желеумен 100 миллион теңгені иемденді деген күдікке ілінген Астана тұрғынына қатысты істің мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Астана сотында апелляциялық инстанция Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісін қарай бастады. Үзіліс кезінде журналистер Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайыновадан бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлаған іске қатысты пікір беруді сұрады.

Құсайынованың айтуынша, қазір соталды тергеу жүріп жатыр.

"Адвокат ретінде мен соталды тергеп-тексеру нәтижелерін айта алмаймын. Бірақ ата-анасының (Бишімбаевтың – еск.) сөзінен, оларға бір әйел хабарласып, алқабилерді ақша беріп, сатып алуға көмектесуге дайын екенін айтып, олардан ақша бопсалағанын білемін. Ол үкімді жеңілдетуге көмектесуге дайын болған. Мұның заңсыз екенін түсінген ата-анасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тиісінше, бұл адамды ұстады. Бұл жерде ата-анасы біреуге ақша беріп, үкімді жеңілдеткісі келді деген болмаған. Керісінше, олар кейбір күштер осылайша бірдеңе жасағысы келеді деп ойлады, сондықтан олар жүгінді", - деп түсіндірді Құсайынова.

Өз кезегінде Бишімбаевтың тағы бір адвокаты Лейла Рамазанова "әйел ақшаны әртүрлі жолмен алмақ болған" деп қосты.

"Ол әр түрлі ұсыныстар айтқан. Ол қылмыспен ұсталды", - деп қосты Рамазанова.

Тағы бір адвокат Еран Ғазымжанов күдіктінің "муляжбен ұсталғанын, арандатқанын, ақша алуға жағдай жасағанын" айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net