World News

ІІМ қазақстандық жүргізушілерге үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, соңғы кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінен жедел-профилактикалық іс-шаралардың өткізілуі туралы құжаттарды талап етіп, олардың жұмысына кедергі келтіру сәттері бейнеленген видеолар жарияланып жатыр.

"Жол жүрісі туралы" заңда және Жол жүрісі қағидаларында көлік құралын тоқтату кезінде полиция қызметкерлері мен жүргізушілердің іс-қимылының нақты тәртібі айқындалған. Көлікті тоқтату кезінде полиция қызметкері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіруі қажет. Жүргізуші өз кезегінде ішкі істер органдары қызметкерінің заңды талаптарын орындауға міндетті. Ал полиция қызметкері жедел-профилактикалық іс-шараның өткізіліп жатқанын растайтын құжаттарды көрсетуге міндетті емес.
Полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамау, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның жұмысына кедергі келтіру 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады", – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net