World News

Жамбыл облысынан 23 мың жыл бұрынғы жәдігер табылды

Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы алғашқы адамдардың тұрағы – «Ақтоғай» үңгірінде тарих ғылымдарының докторы, ұлттық музейдің бас ғылыми қызметкері, академик Жәкен Таймағанбетовтың жетекшілігімен халықаралық бірлескен археологиялық экспедиция археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Экспедиция құрамында Ұлттық музейдің, Назарбаев университетінің, АҚШ-тың Нью-Йорк университетінің ғалымдары және басқа да мамандар бар.

Фото: Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметі

«Зерттеу жұмыстары барысында «Ақтоғай» үңгірінен 23 мың жыл бұрынғы бұйымдар табылды. Мұндағы тастың сынықтары, ұсақ малдың сүйектері, таутекенің омыртқалары тас дәуіріне тән. Біраз сүйектердің әзірге қандай жануар немесе аңға тән екені белгісіз. Ол арнайы зерттеу нәтижесінде ғана белгілі болады», – дейді Жәкен Таймағамбетов.

Жалпы, халықаралық экспедицияның басталғанына 10 күн болды. Биыл мұнда Нью-Йорк университетінің студенттері, докторанттары да келіп, тәжірибеден өтіп жатыр. Алдағы уақытта ашық аспан астындағы музей болуы да мүмкін.

Фото: Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметі

«Бүгінгі қазба жұмыстарынан шыққан материалдар алғашқы адамдар шын мәнінде осында өмір сүргенін көрсетіп отыр. Мұнда сүйек қалдықтары, еңбек құралдары, жаққан оттың орындары, барлығы айқын көрінді. Бұл ғылыми жұмыстар бұдан да терең жүргізілуі қажет екендігін көрсетеді. Ол үшін әлі де 10 жылдай уақыт керек», – дейді «Тарихи-мәдени ескерткіштер қорығы және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәуірбеков.

«Ақтоғай» үңгірі жер деңгейінен шамамен 60 метр биіктікте орналасқан. Ғалымдардың зерттеуі бойынша жалпы Қаратау тау жүйесінде барлығы 95 үңгір анықталған. Ал халықаралық бірлескен археологиялық экспедицияның ғылыми зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады.

Сообщение Жамбыл облысынан 23 мың жыл бұрынғы жәдігер табылды появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.

Читайте на 123ru.net