Қостанай облысында өрттен бес бала қаза тапты
Қостанай облысында өрт пен үй шатырының опырылуы салдарынан үйде қараусыз қалған бес бала қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігі мәліметінше, өрт таңғы сағат 4:29-да Жітіқара қаласындағы жеке ауланың аумағында болған. Өрт жер үйдің шатырының құлауына себеп болған.
Оқиға орнына 7 минуттан кейін құтқарушылар барған, үй толығымен отқа оранды. Өртсөндірушілер тез арада өртті сөндіруге және үйінділерді бөлшектеуге кіріскен. Сағат 6: 08-де өрт оқшауланып, толығымен жойылған.
"Төбенің құлауы кезінде кәмелетке толмаған балалар үйде ересектердің қарауынсыз қалған: 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 туған балалар. Өкінішке қарай, үйінділерді тазалау нәтижесінде бес баланың денесі табылды. 2011 жылы туған үлкен бала зардап шеккен жоқ.
Алдын ала ақпарат бойынша, балалардың анасы танысына кеткен. Жұбайы бас бостандығынан айыру орындарында", - делінген хабарламада.
Сарапшылар оқиғаның себептерін анықтайды. Өрт-техникалық зерттеу тағайындалған.
"Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетеді. Жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті көмекті, оның ішінде материалдық көмек көрсетеді. Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - деп толықтырды әкімдік.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!