World News

Қазақстандықтар декларация тапсырудан босатылады: бұл кімдерге қатысты?

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау бойынша маңызды мәлімдеме жасалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің үкімет отырысында айтуынша, жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы үш кезеңі аясында жүйеге 4,8 миллион адам енгізілген. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшылары, квазимемлекеттік сектор өкілдері және олардың жұбайлары бар.
2025 жылы декларация тапсыруы тиіс 8 миллион адамды деректер базасын цифрландыру мен қолма-қол ақшасыз төлемдердің дамуын ескере отырып, активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырудан босату ұсынылды.
Оның айтуынша, жеңілдік жеке құрылым қызметкерлерін, зейнеткерлерді, үй шаруасындағы әйелдерді, студенттерді және басқа да азаматтарды қоса алғанда, жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына қатысты болады.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындап, оларды Парламентке енгізуді тапсырды.

"Қазіргі уақытта декларацияны 4 миллионнан аса адам тапсырып жатыр. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы қалған барлық санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған еді. Бұл халық арасында алаңдаушылық туғызды, оған Мемлекет басшысы да назар аударды", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр мемлекеттік органдардың деректер базасы Қазақстанда "максималды цифрландырылғанын" атап өтті. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілген. Халықаралық келісімдер аясында шоттар бойынша мәлімет алмасу жолға қойылған. Цифрлық қызметтер кеңінен таралған. Сондықтан жалпы алғанда жеке тұлғалардың активтері туралы барлық ақпарат бар.

"Осы мақсатта Қаржы және Цифрландыру министрліктері екінші деңгейлі банктерді қоса алғанда, барлық цифрлық базалардан мәліметтер алуды қамтамасыз етуі керек. Бұл деректерді тіркеу және салықтық бақылау үшін қажет. Сондықтан 2025 жылы қалған азаматтар санаттарын активтер туралы декларация тапсыру міндетінен босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын", - деді Бектенов.

Айта кету керек, азаматтарға ерікті декларация тапсыру құқығы беріледі.

Читайте на 123ru.net