World News

Түркістан облысында 432 миллион теңгеге ауыл мектебі қайта жөндеуден өтті

Түркістан облысы Төле би ауданы білім беру саласында оң өзгерістерге куә болып жатыр. Ауданда 66 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Қазіргі таңда үш жаңа "Жайлы мектеп" құрылысы қарқынды жалғасуда. Олар: Достық (900 орындық), Көксәйек (600 орындық), Қосағаш (300 орындық) елдімекендерінде салынып жатыр.
Биылғы оқу жылында ауданға қарасты Қостөбе шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Бұл мектеп соңғы екі жыл бойы жабық болып, 136 оқушы көрші ауылдағы мектепке автобуспен қатынап оқуға мәжбүр болған еді.
Қайта қалпына келтірілген мектеп
Мектеп директоры Данияр Айтбаевтың айтуынша, білім ордасын қайта жаңарту жұмыстарына облыстық бюджеттен 432 миллион теңге бөлінген.

"Мектеп 2010 жылы "100 мектеп бағдарламасы" аясында салынған. Алайда, 2013 жылы асханасы апатты деп танылып, толығымен жабылып қалған еді. 2022 жылы тәуелсіз сарапшылар ғимараттың 80%-ы жарамсыз екенін анықтады. Қалпына келтіру жұмыстары 2024 жылдың ақпанынан тамыз айына дейін жалғасты. Жаңа оқу жылында балаларымыз толықтай жаңартылған мектепке оралды", – деді ол.


Қазіргі таңда мектеп асханасы жұмыс істеп тұр. 63 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның 13-і әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан. Сонымен қатар, заманауи физика және химия кабинеттері, жаңа парталар, Led экран және жылу жүйесі мектепке толық орнатылған.

"Мектеп ауласы толығымен қоршалып, бұрынғы сырттағы әжетханалар ғимарат ішіне ауыстырылды. Жылы, заманауи мектепке балалар үлкен қуанышпен келіп жүр", – деп толықтырды мектеп директоры.


Ауыл тұрғындарының қуанышы
Қостөбе ауылының тұрғыны Баян Еркебаева мектептің қайта ашылуын көптен күткенін айтады.

"Мектеп жаңарғалы оқушылардың көңіл-күйі де, білімге деген құлшынысы да жақсарды. Бұрын балалар көрші ауылға автобуспен барып, қыста қалың киіммен отыратын еді. Қазір кең, жылы, жарық сыныптарда білім алып жатыр. Әжетхана, қол жуатын орындар ғимарат ішінде. Сонымен қатар, ауылымызда балабақша болмағандықтан, мектеп ішінен шағын орталық ашылды. Бұл жерде 2-5 жас аралығындағы балалар уақытын тиімді өткізіп жүр", – деді ол.

Читайте на 123ru.net