Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу: не белгілі?
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) қазақстандық ұялы байланыс операторларына қатысты тергеудің барысы туралы хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылы ұялы байланыс қызметтерінің бағасының өсу деректерін қарау аясында "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "КаР-Тел" ЖШС (Beeline) операторларына қатысты Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша, тарифтердің келісілген түрде көтерілуіне қатысты тергеп-тексерулерді бастағаны айтылды.
"Сонымен қатар, ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнының 18 теңге мөлшерінде бірдей бағасын белгілеу әрекеттерінде құқық бұзушылық белгілері анықталғанына байланысты, операторларға осы белгілерді жою туралы хабарламалар жіберілді. Хабарламаларда бағаны негізделген түрде төмендету қажеттігі көрсетілген.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында ұялы байланыс операторлары қабылданған шараларға қатысты сот органдарына шағым түсірді. Осыған байланысты тергеу істері тиісті сот шешімдері қабылданғанға дейін тоқтатылды", - делінген хабарламада.
2024 жылғы 19 қарашада Астана бойынша Агенттік департаменті "КаР-Тел" ЖШС-ға қатысты үй интернетінің жылдамдығын тарифтік пакеттерде таңдауға тұтынушыларды шектеу арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін жою туралы хабарлама шығарған.
Сонымен қатар, "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты осындай заңбұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру басталды.
"2024 жылы бағаның өсу деректері бойынша Агенттік ағымдағы кезеңдегі баға динамикасына талдау жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық шара қолданылады".
Сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсаннан бастап тарифтердің көтерілуі туралы операторлардың БАҚ-та жарияланымдарына байланысты, Агенттік ұялы байланыс операторларына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескертулер жіберді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!