Алматы ауруханасында АИТВ жұқтыру оқиғасы: жанжалдан кейін кімдер жұмыстан босатылды?
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қалалық клиникалық орталық ауруханасында АИТВ жұқтырған науқастардың жағдайы және осы оқиғаға байланысты қызметінен босатылғандар туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрліктің ресми жауабында вирус жұқтырған науқастар қазіргі уақытта антиретровирустық терапия қабылдап жатқандығы айтылған.
"Бұл науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Олар уақытылы динамикалық бақылаудан өтіп, антиретровирустық ем алып, вирусологиялық супрессияға (вирус жүктемесін басу) қолжеткізілген. Клиникалық хаттамаларға сәйкес барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр", – деп хабарлады ведомство.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, комиссия жұмысының нәтижелері бойынша аурухана директоры, эпидемиологиялық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары, жансақтау бөлімінің меңгерушісі, стационардың бас мейірбикесі және жансақтау бөлімінің аға мейірбикесі қызметтерінен босатылды.
Сонымен қатар, Алматы прокуратурасы АИТВ инфекциясын жұқтыру оқиғасына қатысты тергеу әлі де жалғасып жатқанын хабарлады.
"Алматы Полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 118-бабы 3-бөлігі ("Адам иммунтапшылығы вирусын жұқтыру, екі немесе одан көп адамға қатысты жасалған әрекет") бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, соталды тергеу мәліметтері жарияланбайды", – деді Алматы прокурорының орынбасары Асхат Шәріпов ресми сұрауға берген жауабында.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы маусымның ортасында Алматы ауруханасында үш науқастың АИТВ инфекциясын жұқтырғаны анықталған болатын. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жұмыстарын бастады. Тергеу барысында кейбір орта медицина қызметкерлерінің инвазиялық манипуляциялар кезінде операциялық процедуралардың стандарттарын (ОПС) бұзғаны және олардың қызметіне бақылаудың болмағаны анықталды. Кейіннен қалалық аурухананың бас дәрігері Нариман Тәубинбаев қызметінен босатылған еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!