Алматыда 13 туысқанға қатысты ірі алаяқтық әшкере болды: 34 көлік, үй мен пәтерге бұғат қойылған
Прокуратураның үйлестіруімен Алматы Полиция департаменті айыпталушы мен оның 12 туысына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айыпталушы мессенджерлерде хат-алмасу чаты арқылы Қытайдың, Өзбекстанның және Ресейдің зауыттарымен тікелей жұмыс істейтінін, сондықтан оның ыдыс-аяқ, жиһаз және үйге арналған басқа да керек-жарақтар бағасы төмен екенін айтқан. Алайда іс жүзінде қылмыстық схеманы жасыру мақсатында Алматы базарларынан өзі шығынға ұшырай отырып тауар сатып алған. Аталған шығындарды қатысушылар 6 айдан 12 айға дейін күттірте отырып көтерме тапсырыстармен өтеген.
"Қатысушылар қымбат автокөліктерді, пәтерлерді, үйлерді, жерлерді, киімдерді, саяхаттарды сатып алуға, сондай-ақ букмекерлік кеңселерде ақша тігуге қаражат жұмсаған. Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, жер учаскесі бар 2 тұрғын үйге тыйым салынды", - делінген хабарламада.
Еліміз бойынша Алматыдан бастап Саран қаласына дейін 4,6 миллиард теңге сомасына 290 адам қылмыстың құрбаны болып танылды. Прокуратура қылмыстық істі сотқа жолдады.
ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2)тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық жауаптылық 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!