World News

АҚШ Иранға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы жаппай наразылықтар аясында Ислам республикасы еркіндікке ұмтылып отырғанын айтып, АҚШ "көмек көрсетуге дайын" екенін мәлімдеді. Бұл туралы америкалық көшбасшы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Иран бәлкім бұрын-соңды болмаған қарқынмен еркіндікке ұмтылып отыр. АҚШ көмектесуге дайын!!!" – деп жазды Трамп.

АҚШ президенті Иранға қалай "көмектесуге" дайын екенін нақтылаған жоқ.
Жұма күні, 9 қаңтарда, Трамп егер наразылыққа шыққандар қаза тапса, Иран билігі салдарын тартатынын ескертті.

"Иран басшылары, оқ ату туралы ойламаңдар, әйтпесе біз де ата бастаймыз. Біз жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Егер олар тағы да адамдарды өлтіре бастаса, біз араласамыз. Оларға ең ауыр болатын жерден соққы жасаймыз", – деді Трамп.

АҚШ президенті Ирандағы жағдай тәртіпсіздіктер мен биліктің бірқатар қаласындағы бақылауын жоғалтуы аясында өте күрделі өрбіп жатқанын айтты.

"Иран өте үлкен қиындықтарға тап болды. Меніңше, халық жекелеген қалаларды бақылауға ала бастады - бұл бірнеше апта бұрын мүмкін емес жағдай секілді көрінген", – деді Трамп.

Контекст
Ирандағы наразылықтар желтоқсанның аяғында ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты басталған. Негізгі түрткі - айырбас бағамының күрт құбылуы және оның көтерме әрі бөлшек бағаларға әсері. Орталық банк төрағасы Мохаммад Фарзин отставкаға кеткен.
Алғашында наразылық Тегеранда өтті. Кейін басқа да ірі қалаларының тұрғындары қосылды. Уақыт өте келе наразылық шерулері тәртіпсіздікке ұласқан. Тегеран мэрі Алиреза Закани 9 қаңтарға қараған түні өткен наразылық кезінде 50-ден аса банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртенгенін, сондай-ақ, 30-дан астам мешіт отқа оранғанын мәлімдеді.
АҚШ-та орналасқан ирандық құқық қорғау агенттігі HRANA дерегінше, наразылықтар салдарынан әзірге 65 адам қаза тапқан (50 наразылық қатысушысы және 15 күш құрылымының өкілі), ондаған адам жараланған, ел бойынша 2311 адам ұсталған. Мәліметке сәйкес, наразылықтар Иранның 31 провинциясын қамтыған.
Иран билігі наразылықтар кезіндегі қаза тапқандар мен жараланғандар саны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте