World News

Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімге қатысты мәлімдеме жасады

Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері Қарулы Күштердегі әскери қызметшілердің өліміне байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство марқұмдардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтты.

"Қарулы күштердің басшылығы болған жағдай барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінеді. Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар қабылданды", - деп жазылған хабарламада.

Қорғаныс министрлігі өкілдері барлық оқиға бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданғанын айтты.

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ, батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды", - делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, қабылданған шұғыл шаралар:

Тәрбие жұмысы ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар, қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылған.
Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексерістен өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ, қызметтік міндетті орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізіліп жатыр.
Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерістер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, соның ішінде қызметтен тыс уақытта да бақылау күшейтілді.
Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқықбұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.
Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланыс қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

Еске салайық, 27 қаңтарда Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі әскери қызметші қайтыс болғаны хабарланған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте