World News

“21 жерден пышақ салған“: Жаңаөзендегі дәрігердің өліміне қатысты тың дерек шықты

Жаңаөзендегі ауруханада 29 жастағы дәрігер кісі қолынан ажал құшты. Оқиғаның мән-жайы белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 31 арна сюжетіне сілтеме жасап.
Не белгілі?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жаңаөзендегі шабуыл туралы ақпарат тарады. Мәліметке сәйкес, 28 қаңтарда шамамен сағат 14:00-де белгісіз ер адам терапевт дәрігерге шабуыл жасап, оны пышақтаған.
Алдын ала деректер бойынша, бұл оқиғаның дәрігердің кәсіби қызметі мен медициналық мекемедегі жұмысына қатысы жоқ.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті адам өлтіру дерегін растады. Құқық қорғау органдары мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оқиғадан кейін күдікті өз еркімен Жаңаөзен Полиция басқармасына барып, жасаған ісін мойындаған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Не болған?
Телеарна сюжетінде марқұмның жақындары күдіктінің қылмысқа баруына қызғаныш себеп болғанын айтады. Қамауға алынған адамның жұбайы медбике болып жұмыс істеген.
Марқұмның анасының айтуынша, ұлына 21 жерден пышақ салынған.

"Адам дұшпанына да, итке де бұлай жасамайтын шығар. Өзі кішкентай бала еді ғой. 21 жерден пышақ салғанша дейін бір адам көрмегені ме? Бәрі қарап тұра берген бе", – деді ол.

Туыстары ұлының өлімі үшін кешірім бермейтінін айтады.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, марқұм шабуыл кезінде көп жарақат алған. Оны Ақтаудан арнайы ұшып келген әріптестері қараған.

"Мойын аумағының, кеуде қуысының, қолдарының терең кесілген жарақаты. Ірі-ірі тамырлар зақымдалған, және де көп мөлшерде қан жоғалтқан. Шұғыл түрде операцияға алынды. Емдеу шараларына қарамай, әріптесіміз қайтыс болды", – деді Бекболат Ізбасаров.

Дәрігердің артында ұлы мен қызы қалды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте