World News

Алматыда 300 отбасы билікке үндеу жасады

Алматыдағы Қайрат ықшамауданының тұрғындары үйлерін сүріп, жер телімдерін көпқабатты құрылысқа беруге қарсы шықты. Жағдайға қала әкімдігі пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жай
Желіде Қайрат ықшамауданы тұрғындарының үндеуі жарияланды. Олар өз құқығының бұзылып жатқанын айтып, сүрілу жоспарланған үйлердің көпшілігі ипотекамен алынғанын, яғни несие толық өтелмегенін атап өткен. Сондай-ақ, олар неге жайғасқан аумақтар сүрілетінін түсінбейтіндерін айтады.

"Бұл жерде үй салдық, ағаш отырғыздық, балаларымыз дүниеге келді. Қазір бізге "көшіңдер" дейді.Несие әлі жабылған жоқ, қарыздар бар, үйдің қызығын да көріп үлгермедік. Ал оң жағында да, сол жағында да, айналамызда да бос аумақтар тұр", – дейді тұрғындар.

Жиналған жұрт биліктен мыналарды талап етті:

Алматының Бас жоспарына Қайрат ықшамауданы аумағын Ж1 аймағынан (жеке тұрғын үй құрылысы) Ж4 аймағына (көпқабатты тұрғын үй құрылысы) ауыстыруға қатысты өзгерісті тоқтату;
Ж1 аймағының қазіргі функционалдық мақсатын сақтау;
Ж4 аймағын орналастыру үшін балама аумақтарды қарастыру.

Әкімдік не дейді?
Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы жағдайға пікір білдірді. Ведомство болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай мегаполис халқы 3,6 миллион адамға жетуі мүмкін. Олардың пайымынша, бұл құрылыс тығыздығын қала бойынша біркелкі таратып жоспарлауды талап етеді.
Басқарма өкілдері Бас жоспар бойынша Қайрат ықшамауданының аумағы көпқабатты тұрғын үй құрылысына арналғанын айтты.

"Бұл аумақты жеке тұрғын үй құрылысына ауыстыру функционалдық аймақтандыруды, халық тығыздығының есептік көрсеткішін, көлік схемасын және ауданның әлеуметтік нысандармен қамтылуын бұзады", – деп атап өтті ведомство.

Сонымен қатар, әкімдік жер телімдері күштеп алынбайтынын нақтылады.

"Бұл аумақты мемлекеттік мұқтаждық үшін алу қарастырылмаған. Бас жоспардағы функционалдық аймақ жеке инвесторларға бағытталған және жобалар жер учаскелерінің құқық иелерімен келісімге келген жағдайда ғана жүзеге асады", – деді басқарма.

Басқа ықшамаудандар да сүріле ме?
Сәулет және қала құрылысы басқармасы Алматының кеңею мүмкіндігі шектелгенін де айтты: қала аумағын ұлғайта алмайды әрі таулы аймақта құрылыс жүргізу де мүмкін емес.

"Сондықтан мегаполисті дамытудың басым бағыты – жеке тұрғын үй аймақтарын кезең-кезеңімен көпқабатты үйлермен алмастыру. Бұл әлемнің ірі қалаларындағы тәжірибеге сай келеді", – деп түйіндеді әкімдік.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте