Қан қысымы жоғары адамдарға кофені қалай ішу керегі айтылды
Ғалымдар қан қысымы жоғары адамдарға кофені қалай дұрыс ішуге болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі The Conversation басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 315 мыңнан аса адам қатысқан 13 зерттеуді қамтыған ірі талдау кофе ішу гипертонияның пайда болу қаупін арттырады деген нақты байланыс таппаған.
Зерттеу шолуын жасаған ғалымдардың айтуынша, кофе ішкеннен кейін орта есеппен:
систолалық қысым 3–15 мм сын.бағ.-қа,
диастолалық қысым 4–13 мм сын.бағ.-қа уақытша көтерілуі мүмкін.
Ал қан қысымы бұрыннан жоғары адамдарда бұл әсер күштірек сезілуі ықтимал.
"Кофеден кейін қан қысымы аз уақытқа көтерілсе, міндетті түрде одан бас тартыңыз деген сөз емес", - дейді мамандар.
Ғалымдар жынысы, ішкен кофе мөлшері, кофеинде бар-жоғы және бақылау уақыты секілді факторларды есепке алса да, гипертонияның дамуына кофе тікелей себеп болады деген дәлел табылмағанын атап өтті.
Ерекше жағдай: қысымы өте жоғары адамдар
Алайда қысымы тым жоғары адамдар үшін сақтық қажет. Жапонияда шамамен 19 жыл жүргізілген зерттеуде қан қысымы 160/100 мм сын.бағ. және одан жоғары науқастардың ішінде күніне 2 немесе одан көп кесе кофе ішетіндердің жүрек-қан тамыр ауруларынан өлім қаупі екі есе жоғары болған.