World News

Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 жеңімпаздарымен кездесті

Мемлекет басшысы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олар нағыз қазақ жауынгері рухының қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті.


"Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк Туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Әлемнің 48 елінен 100-ден аса команда жиналған Дубайдағы дүбірлі дода – халықаралық маңызы бар оқиға. Бұл аса тартысты жарыс деп айтсақ, қате болмайды. Себебі барлық команда бес күн бойы өте күрделі мақсаттарға қол жеткізу үшін көптеген тосқауылдарды еңсеруі қажет болды. Бірақ біздің жауынгерлер барын салды, әскери міндеттерді мінсіз орындап, ақыры ең жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі. Әр жеңіс – мықты кәсіби дайындық пен асқан шеберліктің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы беделді жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс жүлдені еншіледі. Биыл да сол жеңіс жолын жалғастырып, зор сенім артқан ұлттық командамыз абыроймен оралды. "Қазақстан С" командасы теңдесі жоқ, яғни абсолют чемпион атанды. Бұл – тамаша жетістік, бұл жеңіс осы турнирдің тарихында қалады. Жылдар зымырап өтеді, бірақ сіздердің балаларыңыз, осы қуанышты күндердің куәсі болған, сіздерді қолдаған, сіздерді мақтан тұтқан адамдар бұл жеңісті әрдайым ерекше сезіммен еске алып, айтып отырады. Ал "Қазақстан А" командасы екінші орынға ие болды. Бұл да өте жақсы, бәрімізді қуантқан керемет нәтиже", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының Жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте