World News

“Беделі зор мемлекеттің басшысы“: Оман сұлтаны Тоқаевтың шақыруын қабыл алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен әңгімелесу барысында Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, осынау қиын сәтте бауырлас Оман халқына тілектес екенін жеткізді. Президент Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Шығанақтағы елдердің азаматтық нысандарына әуеден шабуылдауға байланысты алаңдаушылық танытты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жағдайды ушықтырмай, тараптарды диалог пен дипломатия арқылы қақтығысты шешу жолдарын іздеуге шақыратынын атап өтті.

Бұл ретте Президент аймақтағы бітімгерлік әрекеттерге белсене атсалысатын ел ретінде Оманның халықаралық абырой-беделі жоғары екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы еліміздің азаматтарын қақтығыс аймағынан Оман арқылы эвакуациялау мәселесіне тікелей араласқаны үшін Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидқа ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевтың шынайы қолдауына алғыс айтып, қасиетті Рамазан айында Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын жыл соңына дейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын тағы да растады. Бұл сапар екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан айрықша маңызға ие болмақ.

Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саид әлемдік қоғамдастықта беделі зор мемлекеттің басшысы шақыруын ықыласпен қабыл алатынын мәлімдеді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте