World News

Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы титулынан айырылғаннан кейін мәлімдеме жасады

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясының (IBF) чемпиондық белбеуден айыру туралы шешіміне пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengri Sport.
Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы рингке қашан оралатынын жариялады.

"Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын!", - деп жазды Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ ол қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, "таза спортқа" адалдығын тағы да жеткізді.

"Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз! Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар! Бұл өмір заңы! Әр қиындықтан соң қуаныш барын ұмытпаймыз!", - деді боксшы.

Әлімханұлы қазақстандықтарға үндеу жасап, тағы да рингке шығатынын айтты.

"Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі! Ардақты ағайын, біз әлі әлем чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет", - деп қорытындылады ол.













Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от JANIBEK | QAZAQ STYLE (@janibek_alimkhanuly)


Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы
Еске салайық, Әлімханұлының ағзасынан допинг табылғаны туралы ақпарат қазақстандық боксшының 2025 жылғы желтоқсанда Куба өкілі Эрисланди Ларамен чемпиондық жекпе-жегіне бірнеше күн қалғанда тарады.
VADA допингке қарсы комиссиясы мәлімдеме жасағаннан кейін, боксшыны шеттету туралы шешім қабылданып, ұзақ тексеру басталды.
2026 жылдың басында В сынамасы ашылып, Жәнібектің ағзасында тыйым салынған заттың бар екені расталды.
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Әлімханұлын титулдан айырған жоқ, бірақ келесі жылдың желтоқсанына дейін рингке шығуына тыйым салды. 10 наурызда IBF те өз шешімін жариялады, олар қазақстандықты титулынан айырып, бір жылдық дисквалификацияға қосылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте