World News in Kazakh

Қазақстанда қанша қолма-қол ақша бар және оны қаншалықты жиі пайдаланады?

Ұлттық банк Қазақстанда айналымда қанша қолма-қол теңге бар екенін және азаматтар тауарлар мен қызметтерді төлеу кезінде банкноттарды қаншалықты жиі пайдаланатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық банк Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша айналыстағы қолма-қол теңге көлемі 3,5 триллион теңге болғанын хабарлады.
Ұлттық банк мәліметінше, қолма-қол ақшасыз төлем инфрақұрылымының белсенді дамуына қарамастан, айналыстағы қолма-қол ақшаның динамикасы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Айналыстағы қолма-қол ақшаның орташа жылдық өсу қарқыны соңғы 5 жылда 9,9 пайыз болған.
Ұлттық банк жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, қолма-қол төлемді көбірек ұнататын халық үлесі 60 пайызға жуықтайды.
Қолма-қол ақша аймақтарда жиі қолданылады:

қолма-қол ақшалай төлемдердің 81 пайызы Атырау облысына тиесілі;
Павлодарда – 77 пайыз;
Батыс Қазақстан бойынша – 74 пайыз;
ең азы – Алматыда, 36 пайыз;
шағын елді мекендерде (68 пайыз) қалаларға (54 пайыз) қарағанда қолма-қол ақшаны жиі пайдаланады.


"Негізінен қолма-қол ақшасыз төлемдердің республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда қолданылатынын, сондай-ақ тұрақты интернеттің болуына және смартфондарды пайдалануға тәуелділігін ескере отырып, өңірлерде қолма-қол ақша өзекті болып қала береді.
Сонымен қатар, халықтың 72 пайызға жуығы қолма-қол ақша алу үшін банк картасын пайдаланады. Осылайша, зерттеу нәтижелері қолма-қол ақшаның халық пен шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында маңызды төлем құралдарының бірі ретінде өз орнын сақтайтынын көрсетті", - деп атап өтті Ұлттық банк.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net