World News in Kazakh

Премьер-министр америкалық "Шевронды" қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырды

Премьер-министр америкалық

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов "Шеврон" компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикада ауқымды экономикалық реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Олар Жалпы ішкі өнімнің жыл сайын 6 пайызға және одан да жоғары өсімін қамтамасыз етуі тиіс.

"Үкімет инвесторларға инвестициялық жобаларды дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайды және қажетті қолдау көрсетеді. Өз кезегінде біз серіктестерімізден жергілікті әлеуетті барынша пайдалануды, технологиялар трансфертін, шикізатты терең өңдеуді көздейтін бірлескен жоспарларды уақытылы іске асыру бойынша белсенді іс-қимылдарды күтеміз", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Теңіз кен орнында сағалық қысымды басқару және болашақ кеңейту жобаларының сәйкесінше 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуын қамтамасыз ету керек екенін айтты.

Сонымен қатар, премьер-министр Үкімет Қарашығанақ кен орнын игеруге үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Бұл ретте мұнай мен конденсат өндіруді жылына ең кемі 11 миллион тонна деңгейінде ұстап тұру негізгі басымдық болып табылады.

"Қарашығанақта қуаты жылына 4 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру туралы тұжырымдамалық шешім кен орнының болашақ дамуы үшін маңызды екенін атап өткім келеді", - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, премьер-министр экономикалық саясаттың басымдықтарының бірі жергілікті қамтуды дамыту екеніне назар аударды.

"Операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынас қажет. Бұл ретте егер елде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда біз осы өндірістерді алдағы 2-3 жылда Қазақстан аумағында локализациялау жөніндегі нақты жоспарларды көргіміз келеді. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты қайта қарауды өтінемін", - деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде Дерек Магнесс "Шеврон" компаниясының Қазақстанмен барлық мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін растады.

"Біз бірге жұмыс істеп, арадағы серіктестікті дамытуға мүдделіміз. "Шеврон" Қазақстанның экономикасын дамыту үшін жұмсалып жатқан күш-жігерді қолдайды. Бүгінде инвестициялар мен жаңа жобалар үшін жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Өзара серіктестікке негізделген болашақтағы даму мүмкіндіктерін көріп отырмыз", - деді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net