World News in Kazakh

ІІМ: жастар арасында бопсалаумен айналысқан бірнеше топ мүшелері ұсталды

ІІМ: жастар арасында бопсалаумен айналысқан бірнеше топ мүшелері ұсталды

ІІМ жастар арасында бопсалаумен айналысқан бірнеше топтың ұсталғанын хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ топтық бопсалау қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Әсіресе жастар арасындағы пайдакүнемдік пиғылмен ғана емес, сонымен қатар ерекше дөрекілік, менмендікпен жасалатын, кейде қоғамдық резонанс тудыратын жағдайлар ерекше бақылауда.

"Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 18-20 жас аралығындағы жастар тобын ұстады. Олар жергілікті колледждің кәмелетке толмаған студенттерін қорқытып, ақша бопсалаған. Күдіктілер өзгелерді қорқыту және өздерінің басымдылығын көрсету үшін зорлық-зомбылық әрекеттерін бейнежазбаға түсірген. Бопсалау және бұзақылық деректері бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды", – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Павлодар облысының Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен биыл мамырда жастарды бопсалаумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Топ мүшелеріне осындай 10 дерекке қатысы бар деген айып тағылып отыр. Олар жәбірленушілерді қорқытып, 2 миллион теңгеге дейін алған. Жәбірленушілер қылмыскерлерден қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген.

"Заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленушілер суицид жасауға дейін барғанын атап өткен жөн. Осындай оқиғалардың бірінде қорлық пен соққыға шыдамаған 22 жастағы жігіт өзін-өзі өлтіруге оқталған. Топ мүшелерін ұстау кезінде олардан травматикалық және суық қару, сондай-ақ синтетикалық есірткі тәркіленді. Барлық күдікті қамауға алынды. Жәбірленушілерге қатысты қауіпсіздік шаралары қабылданды".

Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net