Мұғалімдерден ақша жинаған: мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ұстаздардан ақша жинап келген мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Мұнайлы ауданының прокуратурасы "№3 арнайы мектеп" КММ тексеру нәтижелері бойынша мекеме басшылығы тарапынан бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған.
"Атап айтқанда, мектеп басшылығы ай сайын мобильді қосымшалар арқылы қарамағындағы қызметкерлерден ақша қаражатын заңсыз жинауды жүзеге асырған. Бұдан басқа, формальды бұйрықтар шығару және жеке тұлғаларға артық сыйлықақылар есептеу негізінде ақша қаражатын заңсыз аудару деректері анықталды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, мектеп директоры қарамағындағылардан өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген.
"Аталған арнайы мектептің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегі бойынша ҚК 361-бабы бойынша соталды тергеп-тексеру басталды".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!