World News in Kazakh

Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 50,4 мың гектарға жетеді

Жамбыл облысындағы 40 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Биыл бұл көрсеткішті 7 мың гектарға ұлғайту жоспарланса, тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылатын егістік көлемін келер жылы 50,4 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды. Басқосуда вегетациялық кезеңнің өту барысы мен су тасқынының алдын алу шаралары қаралды.

Ағымдағы жылдың вегетациялық кезеңіне облыс аумағында орналасқан су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілді.

Атап айтқанда, республикалық меншіктегі су қоймаларында 783 млн. м³ су, облыстағы 113 су қоймасында 99,8 млн. м³ су жиналды.

«Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының басшысы Асқанат Қадыровтың айтуынша, шаруаларға су сұранысқа сай берілуде.

Өңірде Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен бірқатар аудандағы су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша 2 жоба жүзеге асуда. Бүгінде 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артты. Аталған жоба бойынша Қордай ауданында жұмыстар толық аяқталса, Жуалыда пайдалануға беру жұмыстары атқарылуда. Жамбылда жөндеу жұмыстары – 75 пайызға, Меркіде – 62 пайызға орындалып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтулуде. Ал, Байзақ ауданындағы каналдарды жөндеу жұмыстары 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ Жамбыл және Қордай аудандарындағы ұзындығы 117,2 шақырымды құрайтын 44 канал қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде 10 мың гектар алқаптың сумен қамтылуы деңгейі жақсарды.

Жалпы, 2026 жылға дейін өңірде 12 су қоймасын салу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланған. Бүгінде бұл бағыттағы шаралар қолға алынуда.

Басқосуда Ербол Қарашөкеев вегетациялық кезеңнің маңызына тоқталып, шаруалар су тапшылығының зардабын тартпауы үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

— Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет екендігін атап өткен болатын. Алдағы уақытта су жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы судың пайдалану коэффицентін арттыру, жер асты суларын ұңғыма қазу арқылы мейілінше тиімді пайдаланғанымыз жөн, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі өңірдегі ірі су қоймалары мен иесі жоқ каналдарды түгендеу, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін азайту, егістікті әртараптандыру мәселелеріне айрықша назар аударып, лазерлік тегістеу инновациялық технологиясының мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеде су тасқынының алдын алу шаралы қаралды. Бұл бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының м.а. Руслан Орынбеков баяндама жасап, іс-шаралар жоспарын ұсынды.

Аймақ басшысы жауаптыларға кез келген жағдайға дайын болу керектігін ескертіп, бұған дейін орын алған төтенше жағдайлардың себеп-салдарын жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Сообщение Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 50,4 мың гектарға жетеді появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.

Читайте на 123ru.net