World News in Kazakh

Министр Алматыдағы студент қыздар тізіміне қатысты жанжал қалай аяқталғанын айтты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірінде желіге тарап кеткен студент қыздардың тізіміне қатысты жанжал қалай аяқталғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет брифингінде министр бұл тізбектегі барлық адам жазаланғанын айтты.

"Нәтижесінде университет қызметкерлері жазаланды. Жұмыстан шығарылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әл-Фараби университеті деканатының қызметкерлері. Қазір университетке қызмет көрсететін медициналық орталықтың қызметкерлері де жазаланды. Бұл медициналық орталықпен келісімшартты бұзу мәселесі қаралады", - деді министр Үкіметте өткен брифинг барысында.

Министрдің айтуынша, бұл адами қателік.

"Деканат қызметкері қосымша ақпараттарды алып тастамай, флюорографиядан өтпеген студенттердің тізімін алып, жібере салған. Міне осылай артық ақпарат тарап кеткен", - деп түсіндірді ол.

Еске салайық, тізім туралы ақпарат Qumash Telegram-арнасында пайда болды. Арна авторлары WhatsApp желісіндегі 190 адамнан тұратын старосталар тобында студент қыздардың тізімі бар 4 құжат жіберілгенін (1-курстан 4-курсқа дейін) жазды. Қызыл түспен белгіленгендер флюорографиядан өтуі керек екен. Онда қыздардың толық аты-жөнінен басқа олардың ЖСН, ұялы телефондары және медициналық деректері болған. Сондай-ақ, олардың қайсы вирго (гинекологиялық тілмен айтқанда - пәк), қайсы вирго емес екені туралы ақпарат бар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net