Жамбылда «Тараз – таза қала» экологиялық акциясы өтті
Жыл сайын шығарылатын пластмассадан жасалған өнімдердің көп мөлшері бір рет қолдануға арналған. Пластиктің екі жүз жылға жуық уақытта ыдырайтындығы белгілі. Пластмассалар жерге түскенде ұсақ бөлшектерге ажырап, өзінен қоршаған ортаға химиялық заттарды бөле бастайды. Жерасты сулары арқылы пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық заттары ең жақын су көздеріне түседі, бұл адамзат үшін өте қауіпті құбылыс. Бұдан бөлек, қала ішінде пластик қалдықтардың қаланың кәріз жүйесін толтырып, су басу қаупін тудыратыны белгілі.
Осындай мәселеге жол бермеу мақсатында қала тұрғындары, коммуналдық мекемелер, белсенді жастар «Тараз – таза қала» атты облыстық экологиялық акциясын өткізді.
«Президенттің бастамасы халық арасында үлкен қолдауға ие болды. Акция біздің қоғамда жастарды, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға, қорғауға, тазалықты сақтауға шақыратын үлкен бір идеологиялық жұмыс десе де болады. Бүгін біз экологиялық акцияға Тараз қаласының жастары ретінде қаламыздың таза болуына атсалысып, іс-шараға шығып жатырмыз» — дейді облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А. Кадралиев.
Қатысушылар Тараз қаласы Салтанат ықшам ауданында орналасқан «Жасыл желек» алқабында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды тазартты. Экологиялық акцияға 100-ге жуық адам қатысып, шашылып жатқан пластик қалдықтар мен қоқыстарды жинап, 300 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.
Сообщение Жамбылда «Тараз – таза қала» экологиялық акциясы өтті появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.