Белгілі әнші Гүлнар Сиқымбаева өмірден өтті
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Гүлнар Сиқымбаева дүниеден озды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл хабарды журналист Оралхан Дәуіт желідегі парақшасында жариялаған. Оның айтуынша, 6 қазанда өнер иесінің жаназасы оқылады.
"Қайран, Гүлнар әпке... Бір ауылда туып-өссек те жүзбе-жүз сөйлесуді Алла Тағалам жазбаған екен. Телефон арқылы талай мәрте әңгімелесіп, сұхбат та алдым. Өте ашық жарқын, керемет жан едіңіз. Өмірден ерте өткен анаңыз туралы жиі айтып, мұңайып қалушы едіңіз. Енді, міне, аяқастынан анаңыздың артынан аттанып кете барыпсыз... АллаТағалам о дүниеңізді берсін. Ағайын, бүгін белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаева қайтыс болды", – делінген Оралхан Дәуіттің парақшасында.
Гүлнар Сиқымбаева – отбасындағы он бес баланың үлкені. Шымкент іргесіндегі Ленгір ауданы Майбұлақ таулы ауылында өскен. 1985 жылы Гүлнар Сиқымбаева "Гүлдерге" қабылданып, танымал ансамбльде өнер көрсеткен. Қазақ, орыс, түрік, тәжік тілдерінде әндері бар. Қырғызстан және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!