World News in Kazakh

Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: қайғылы оқиға орнына гүл шоқтары қойылды

Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: жергілікті тұрғындар қайғылы оқиға болған жерге гүл әкеліп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Дүкеннің кіреберісіне Шерзаттың суреті қойылған. Дүкеннің өзі қазір жабық тұр.

Талғарда кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың айуандықпен өлтірілуі бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. 4 қазанға қараған түні әкесінің азық-түлік дүкенінде тұтынушымен жанжал шыққан. Шерзат әкесін қорғамақ болған.
Дүкеннен шыққаннан кейін сатып алушы достарына телефон соғып, оларды көмекке шақырған. Олар екі көлікпен келген. Қайтыс болған жасөспірімнің әкесінің айтуынша, олардың барлығы 13 адам болған және олар қарулы болған. Сол жерде төбелес шыққан.
Марқұмның туыстарының әлеуметтік желідегі мәлімдемелері бойынша, төбелес кезінде Шерзаттың жүрегі мен өкпесіне пышақ сұғып, оны тепкілеп, басынан мылтықпен ұрған.
Шерзат әкесі алып барған аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Бұған дейін Талғардағы адам өліміне қатысты тергеуді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қолға алғаны белгілі болған. Талғарға Ішкі істер министрлігінен бір топ адам жіберілді.
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікпен жеті күдікті қамауға алынып, сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады.
Қадағалаушы ведомство "барлық мән-жайды анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған" объективті тергеуге кепілдік берді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net