World News in Kazakh

Мектептегі алалау: сыныптардың жай және гимназияға бөлінуі қаншалықты дұрыс?

Кейбір жалпы білім беретін мектептерде гимназиялық (мектеп-гимназия) және лицей (мектеп-лицей) сыныптары болады. Мұндай мектеп-гимназия немесе мектеп-лицейлерде жай және гимназия немесе лицей сыныптары оқиды. Елімізде мектептер қалай сараланады? Бір мектепте жай және гимназия сыныптарының болуы қаншалықты дұрыс? Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сұрау салды және тәуелсіз сарапшының пікірін білді.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша елімізде 130 гимназия, 332 мектеп-гимназия, 74 лицей, 275 мектеп-лицей бар.
Білім беру ұйымдары оқыту бейіні бойынша қалай бөлінеді?
ҚР "Білім туралы" Заңына сәйкес, еліміздегі білім беру ұйымдары оқыту бейіні бойынша былай бөлінеді:
Жалпы білім беретін мектеп – білім алушылар мен тәрбиеленушілерге мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту бағдарламаларын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, арнаулы оқу мен жеке дамыту бағдарламаларын, сондай-ақ қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.
Гимназия – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес оқытудың қоғамдық-гуманитарлық және өзге де бағыттары бойынша кеңейтілген және тереңдетілген білім беруді қамтамасыз ететін қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны.
Лицей – негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттеріне сәйкес кеңейтілген және тереңдетілген жаратылыстану-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны.
Білім алушылардың бейімділігі мен қабілеттерін дамыту және жекелеген пәндерді тереңдетіп зерделеу міндеттерін іске асыру үшін жалпы білім беретін мектептерде гимназиялық (мектеп-гимназия) және лицей (мектеп-лицей) сыныптары құрылады.

Жай және гимназия сыныптардағы оқу бағдарламасында айырмашылық бар ма?
Гимназия сыныптары қосымша факультативтік сабақтар өтеді.

"Гимназиялық және лицей сыныптары үшін жекелеген үлгілік оқу жоспарлары көзделген. Сондай-ақ гимназиялар мен лицейлерде білім алушыларға факультативтер мен қосымша курстар ұйымдастыруға әр сыныпқа 4 сағат есебінен, сондай-ақ үйірмелерді, студияларды, ғылыми қоғамдарды және басқаларды ұйымдастыру үшін 0,25 мұғалім ставкасы немесе мектептегі жекелеген курстар мен дәрістерге ақы төлеу үшін шарттық негізде жоғары білікті мамандармен жылына 1500 сағат есебінен қаражат бөлінеді. Таңдау бойынша факультативтік сабақтар мен курстар топтарда кемінде 10 адам болған жағдайда өткізіледі", – деді министрлік.

Бір мектепте жай және гимназия сыныптарының оқуы қаншалықты дұрыс?
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен балаларда таңдау құқығы бар екенін айтты.

"Біріншіден, білім беру ұйымы қолжетімді, екіншіден, ата-аналар мен балалардың таңдау құқығы бар. Қазіргі уақытта балалар мен ата-аналар қосымша жүктемеге байланысты гимназия мен лицей сыныптарынан бас тартып, жалпы білім беретін сыныптарға артықшылық беретін үрдіс байқалады", – дейді министрлік.

Алайда білім саласындағы өзекті проблемаларды көтеріп жүрген маман және ұстаз Аятжан Ахметжан бұл педагогикалық тұрғыда қате шешім екенін атап өтті.

"Оған заңдық тұрғыда қарасақ, мектеп-гимназияда немесе мектеп-лицейде сыныптардың жалпы білім беретін және гимназия болып бөлінуі дұрыс. Мектеп-гимназия мен мектеп-лицейлер таза гимназия немесе таза лицей емес, бұл ғимараттарда мектеп те, гимназия да отырады. Заң жүзінде дұрыс.
Ал педагогикалық тұрғыдан, бұл өте үлкен қателік. Бұл іріктелген жақсы оқитындар үшін ғана пайдалы шешім. Өйткені адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан нәр алатынын ескерсек, бір сыныпта басқалары тәлім алуы үшін лидер де, жақсы оқитын да балалар болуы керек және орта дұрыс болуы керек. Нашар оқитындардың бәрін қарапайым сыныпқа іріктеп тастау – педагогикалық тұрғыдан өте үлкен қате шешім. Мен бұл жайлы талай жерде айтып жүрмін", – дейді ұстаз.

Маман балаларды бастауыш сыныпта бөлу мүлдем дұрыс емес екенін айтты.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.

Читайте на 123ru.net