World News in Kazakh

Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты іс: апелляция қандай шешім шығарды?

Алматы сотының апелляциялық инстанциясы Нұрасыл Болаттың ісін қарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сот депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды.

"Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шешім шығарды: Алматы Медеу ауданы №2 аудандық сотының сотталған Болат Нұрасыл Дәулетұлына қатысты қаулысын өзгеріссіз қалдыру, сотталғанның және оның адвокаттарының жеке шағымын қанағаттандырмау. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді және кассациялық тәртіпте қайта қарауға жатпайды", – деп шешімді оқыды судья Нұржан Қарабаев.

Судья Болат Нұрасылдың пробация шарттарын бұзғанын мәлімдеді.

"Бірінші инстанцияда сот оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын, алайда ол сот үкімін орындау тәртібін бұзған", – деп түсіндірді апелляциялық инстанцияның төрағалық етуші судьясы Нұржан Қарабаев.

Еске салайық, 22 қазанда Медеу аудандық соты Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты шешім шығарған болатын. Бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны анықталған еді.
Сот пробация қызметінің сотталушы Болат Нұрасыл Дәулетұлының бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысын қанағаттандыру туралы шешім шығарды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net