World News in Kazakh

Марат Ахметжанов Көкшетауға жаңа әкімнің тағайындалуын түсіндірді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау әкімі қызметіне Әнуар Күмпекеевтің тағайындалуын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еске салайық, 9 қарашада Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі қызметіне тағайындалған болатын.
ОКҚ брифингі барысында журналистердің сұрағына жауап берген Ақмола облысының әкімі "қала әкімдігіне тағайындауға ешқандай құқықтық кедергілер жоқ екенін", Әнуар Күмпекеев барлық инстанцияларда келісуден өткенін айтты. Айта кетейік, бұған дейін ол Павлодар әкімі болып тұрғанда сөгіс алған еді.

"Ол өз еркімен қызметінен кеткенін айтқан жөн болады. Тағайындау кезінде оның білімі мен кәсіби қабілеттері ескерілді. Сіздер білесіздер, ол Степногорск қаласында жеті жыл жұмыс істеген, оның төрт жылында қала әкімі болып қызмет атқарған. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсы біледі.
Бір жыл бұрын мен оны танымайтынмын, бірақ 7 желтоқсанда болған апат кезінде тұрғындар оның қабылдаған шараларын есіне түсірді. Біз оның кандидатурасын зерттей бастадық, әсіресе ол төрт жыл бойы республиканың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту орталығын басқарғанын ескердік. Оның білімі бар", - деді Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, 2018-2019 жылдары Әнуар Күмпекеев Павлодар әкімі болып қызмет атқарған. Сол кезде Павлодар облысының әкімі болған Болат Бақауов бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдаланғаны үшін Күмпекеевке қатаң сөгіс жариялағаны туралы ақпарат тараған еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на 123ru.net