Қазақстанның микроқаржы омбудсмені сайланды
Назгүл Естеусізова Қазақстанның микроқаржы омбудсмені болып сайланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Микроқаржы омбудсмені Өкілдер кеңесі ұсынған және агенттікпен келісілген кандидаттар арасынан үш жыл мерзімге сайланады.
Микроқаржы омбудсменінің шешімі микроқаржы ұйымы мен коллекторлық агенттіктерге міндетті болып есептеледі. Микроқаржы омбудсменінің қызметтері тегін.
"Микроқаржы омбудсменінің көмегіне жүгінбес бұрын қарыз алушы өзінің несие берушісіне хабарласуы керек. Ол соттың қарауына қабылданған және/немесе заңды күшіне енген сот актісін, сондай-ақ іс бойынша жаңа мән-жайлар анықталмаған, қайтадан жіберілген өтініштерді қарамайды", - деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Омбудсменге микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғауды және қарыз алушылар мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер арасындағы дауларды шешуге көмектесу міндеті жүктелген.
Назгүл Естеусізова - жоғары экономикалық және заңгерлік білімі бар, заң ғылымдарының магистрі. Банк саласында жұмыс тәжірибесі бар. Микроқаржы омбудсмені болып сайланғанға дейін ол Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы қызметін атқарған.
Микроқаржы омбудсмені институты Мемлекет басшысы 2024 жылдың 19 маусымында қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды іске асыру мақсатында құрылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!