Астана тұрғындары танымал топтың концертіне билет аламыз деп сан соғып қалған
Астанада концерт билеттерін сатумty байланысты алаяқтық схемасы әшкереленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елорда тұрғындары жалған концерт билеттерін сатып алып, алаяқтардың құрбаны болды. Жәбірленушілер танымал қазақстандық топтың концертіне кіре алмай қалған сәтте ғана алданғандарын түсініп, бірден полицияға жүгінген.
"Сол сияқты, басқа да азаматтар ресейлік танымал әншінің кешіне кіру үшін жалған QR кодтар сатып алған. Билеттердің құны 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болған, ал жалпы келтірілген шығын шамамен 200 мың теңге болды", - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл алаяқтыққа 18 жастағы азаматтың қатысы бар екенін анықтады.
"Күдікті Instagram желісінде жалған аккаунт ашып, танымал әншілердің концерттеріне баруға мүмкіндік беретін, шын мәнінде жоқ билеттерді ұсынған. Полиция қызметкерлері жәбірленушілер ақша аударған банктік шотты тексеру арқылы күдіктіні таба алды. Тергеу барысында жігіт өз кінәсін толық мойындап, тағы да 11 осындай алаяқтық әрекет жасағаны анықталды".
Астана Полиция департаменті азаматтарға әлеуметтік желілердегі жарнамалық сілтемелер арқылы билеттер сатып алмауды ескертеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!