Жетісайда құжатсыз жүрген 7 жастағы бала отбасына қайтарыла ма?
Жетісайда мектепке бармай, құжатсыз өмір сүрген 7 жасар бала туралы оқиғаға қатысты жаңа деректер пайда болды. Бұл оқиға желіде қызу талқылауға түскен болатын. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы іске байланысты жаңа мәлімет айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
7 жасар баланың 5 жасар інісі де құжатсыз қалған. Қазір екі бала уақытша тұруға арналған арнайы мекемеде. Ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері балалардың анасы қазір құжаттарды ретке келтіріп жатқанын айтты.
"Құжаттарды рәсімдеу процесі жалғасып жатыр. Балалар бейімделіп жатыр, олар оқуда, өздерін жақсы сезінеді. Біреуінің жасы 7-де, екіншісі 5 жаста. Барлық құжат қалпына келтірілгеннен кейін, балалар міндетті түрде отбасына қайтарылады," – делінген хабарламада.
Балаларды отбасына қайтару мәселесі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысында қаралатын болады. Отырыстың нақты күні әзірге белгісіз.
Еске салайық, бұған дейін желіде арба тасыған 7 жасар баланың видеосы тараған еді.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі өкілдері видеоға қатысты пікір білдірді. Бала шынымен Түркістан облысы Жетісайда тұрады.
"Қамқоршылық органдарының мамандары баланы тапты. Толығырақ ақпарат кейінірек беріледі. Атап өтерлігі, әрбір баланың құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде отбасын, қауіпсіздігін, білім алуын және лайық өмір сүру жағдайларын қорғау - басты міндет. Бұл мәселе толығымен шешілмейінше Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында болады", - деді ведомство өкілдері.
Комитеттегілер баланың анасы тірі екенін анықтады.
"Қазір тиісті органдар барлық мән-жайды анықтап жатыр", - деп толықтырды ведомство.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!