World News in Kazakh

Тоқаев Абу Дабидегі саммитте сөз сөйлейді

Мемлекет басшысы "Абу Дабидің орнықты даму апталығының" ашылу салтанатына барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Абу Дабидің орнықты даму апталығының" ашылу салтанатына және орнықты даму саласындағы Zayed Sustainability Prize сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты.

Іс-шараға қатысушылар қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Руанда Президенті Поль Кагама, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим, Жаңа Зелендия Премьер-министрі Кристофер Лаксон, Финляндия Премьер-министрі Петтери Орпо, сондай-ақ саясаткерлер, қайта жаңартылатын энергия көздері, технологиялық даму және инновация салаларындағы көшбасшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер бар.

Саммит аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді.

"Абу Дабидің орнықты даму апталығы" (ADSW) – орнықты даму және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелеріне арналған жетекші жаһандық алаңдардың бірі. Жиын жасыл технология мен энергияның қайта жаңартылатын көздеріне инвестиция салуды ынталандыруға, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету үшін инновациялық шешімдер іздеуге бағытталған. Биыл форум "Болашақпен байланыс: Орнықты дамуды жеделдету" (The Nexus of Next. Supercharging Sustainable Progress) тақырыбында өтеді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте