Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген қазақстандық Ресейден ұсталды
Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокуратура аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
"Күдікті 2024-2025 жылдар аралығында Таразда өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған. Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған", - делінген хабарламада.
Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Қазақстанның 6 азаматына жалпы 100 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
"Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Былтыр тамызда күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!