World News in Kazakh

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады: мән-жайы

Алматы облысында Корея Республикасының өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар еңбек көші-қоны мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Басқосуда корей тарапы "ЭйПиЭС" (Employment Permit System) бағдарламасының жұмыс тәртібімен таныстырып, оның Кореяда жұмыс күші тапшы салаларға шетелдік азаматтарды заңды түрде тартуға бағытталғанын атап өтті. Осы орайда Қазақстанның аталған жүйеге қосылу мүмкіндігі кеңінен талқыланды.
Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жөнінде Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімет берді.

"Қазір келіссөздердің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойған болатын. Ал екінші кезеңде Қазақстанның жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағаланады. Осы мақсатта корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, дайындық деңгейімен танысып жатыр. Егер барлық талап оң бағаланып, келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы уақытта толыққанды меморандумға қол қою жоспарланып жатыр", – деді ол.

Мамандардың пікірінше, бағдарламаға қосылған жағдайда өңірде арнайы оқу орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Қазір осы бағытта тиісті нысандармен танысу және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облысының әкімі бұл бастаманың тұрғындарды заңды жұмыспен қамтуға және халықаралық еңбек тәжірибесін игеруге жол ашатынын атап өтті.
Ал корей тарапы түпкілікті шешім барлық дайындық кезеңдері аяқталғаннан кейін Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында қабылданатынын жеткізді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте