Нұрайдың өлімі: полицейге видеоның тарап кетуіне байланысты іс қозғалды
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс материалдарындағы видеоның желіде тарап кетуіне байланысты полиция қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жай
Бұған дейін әлеуметтік желілерде марқұм Нұрай Серікбайдың видеосы тарады. Кейін бұл кадрларды Шымкенттің бұрынғы полиция қызметкерлері жариялады деген болжам жасалды.
Онда Нұрай Серікбай өзін мәжбүрлеп тұрмысқа алу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өзі отырғанын айтқан. Сондай-ақ кадрларда Нұрай ер адамға қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізеді.
Сонымен қатар, кейбір БАҚ-тарда бұрынғы полиция қызметкерлері өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп атаған.
Марқұм Нұрай Серікбайдың жақындары аталған жазбаға шағымданып, тергеу құпиясының бұзылғанын және қоғамдық пікірге қысым жасалғанын мәлімдеді.
ІІМ не дейді?
29 қаңтарда Сенат кулуарында журналистер Игорь Лепёхадан полиция қызметкерінің мұндай әрекет жасауға құқығы болған-болмағанын сұрады.
"Мұндайға құқығы болған жоқ. Іс қозғалды. Әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", – деп жауап берді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!