World News in Kazakh

4,5 миллиард теңге залал: OrdaMed басшысына іздеу жарияланды

"OrdaMed" АҚ басқарма төрағасы Еркін Длімбетовке іздеу жарияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Іздеу ақпаратына сәйкес, Еркін Длімбетовке қатысты іздестіру ісі кеше, 28 қаңтарда, Астанада тіркелген. Іздеу салған орган - ҰҚК. Іздеуді ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
qamqor.gov.kz сайтынан скриншот
Мән-жайы
"OrdaMed" АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған. Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген.
Салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.

"Тінту шаралары барысында "OrdaMed" АҚ басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді, Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынған. Сот санкциясымен "OrdaMed" АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте