World News in Kazakh

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қайда жұмсалды: БЖЗҚ жаңа мәлімет ұсынды

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу қазақстандықтардың қаржылай салмағын айтарлықтай өзгертті. Қанша өтініш мақұлданды, ақшаны көбіне қайда жұмсады және бұл мүмкіндікті кім көп пайдаланды? Толығырақ Tengrinews.kz материалында.
БЖЗҚ-дан қанша қаражат шешіп алынды?
Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша 4 278 552 өтінішті орындағанын хабарлады.
Төлемдердің жалпы сомасы 5,55 триллион теңге болды.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуҚаражаттың негізгі бөлігі тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған. Бұл кезеңде БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты 3 188 645 өтінішті орындап, жалпы 4,56 триллион теңге төледі.
Оның ішінде:

ең төменгі жеткіліктілік шегінен асуы бойынша - 2 911 377 өтініш, 4,03 триллион теңге;табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болатын зейнеткерлерден - 152 032 өтініш, 274,44 миллиард теңге;зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша - 84 275 өтініш, 167,5 миллиард теңге;еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлерден - 40 961 өтініш, 87,3 миллиард теңге.

Емделуге қанша жұмсалды?
Бес жылда қазақстандықтар емделуге 1 триллион теңгеге жуық қаражат шешіп алған. 2021 жылғы қаңтардан 2025 жылғы желтоқсанға дейін 1 089 907 өтініш орындалып, төлем сомасы 984,93 миллиард теңге болды.
Оның ішінде:

ең төменгі жеткіліктілік шегінен асуы бойынша - 867 946 өтініш, 699,28 миллиард теңге;табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болатын зейнеткерлерден - 111 311 өтініш, 152,12 миллиард теңге;зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша - 79 137 өтініш, 78,36 миллиард теңге;еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлерден - 31 513 өтініш, 55,16 миллиард теңге.

Ақшаны кімдер жиі шешіп алды?
БЗЖҚ еске салғандай, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен емделуге жұмсау құқығы мына санаттарға беріледі: жинағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар; табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан төмен емес зейнеткерлер; еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлер; сондай-ақ, зейнетақы аннуитеті шартын жасаған адамдар.
Статистика талдауы бұл құқықты көбіне ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары жинағы бар салымшылар пайдаланғанын көрсетеді.
Ең сұраныста болған мақсаттар:

азаматтық-құқықтық мәмілелер арқылы тұрғын үйді жеке меншікке сатып алу - 2,17 триллион теңге;тұрғын үй құрылыс жинақ салымдарын толықтыру - 592,92 миллиард теңге;стоматологиялық қызметтер - 654,25 миллиард теңге.

Орташа шешіп алу сомаларыҚор дерегінше, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланылған орташа сома 1,4 миллион теңге болған.
Оның ішінде:

жеткіліктілік шегі бойынша - 1,4 миллион теңге;табысты алмастыру коэффициенті кемінде 40% болатын зейнеткерлерде - 1,8 миллион теңге;зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша - 2 миллион теңге;еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлерде - 2,1 миллион теңге.

Қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауҚор "көмекшілер" арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру деректері туралы ақпарат өздерінде жоқ екенін түсіндірді.

"БЖЗҚ уәкілетті операторлардан келіп түсетін электрон өтінімдерді орындайды, зейнетақы шотында қаражаттың бар-жоғын тексереді және өтініш берушілердің арнайы шоттарына ақша аударады. Ал қаражаттың мақсатты пайдаланылуын, оның ішінде ақшаны тиісті бағытқа аударуды бақылауды уәкілетті операторлар жүзеге асырады", - делінген жауапта.

Еске салайық, стоматологиялық қызмет ақысын төлеу түрінде зейнетақы қаражатын заңсыз шығару деректері көп болғандықтан, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мақсатқа жинақты пайдалануға толық тыйым салды.2026 жылы ережелер өзгере ме?
БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану мақсаттарын өзгерту немесе кеңейту бастамасы Қазақстан Үкіметінің құзыретіне кіретінін атап өтті.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі салалық министрліктердің бұйрықтарымен реттеледі: тұрғын үй бойынша - Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, емделу бойынша - Денсаулық сақтау министрлігі.
БЖЗҚ-дың қызметіне жарналарды жинау, зейнетақы жинақтарын есепке алу, кеңес беру және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кіреді.
Зейнетақыны шешіп алу: сарапшы пікірі
БЖЗҚ деректеріне пікір білдірген экономист Досым Бесбай кейінгі жылдары қазақстандықтар барлық зейнетақы активінің бестен бірінен көбін мерзімінен бұрын алғанын, бұл жинақтаушы жүйе үшін елеулі көрсеткіш екенін айтты.
Сонымен қатар, оның сөзінше, қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалды және бұл факторды көбіне оң құбылыс ретінде бағалауға болады. Экономист зейнетақыны мерзімінен бұрын тұрғын үй сатып алуға алу негізді шара деп санайды.

"Бір жағынан - болашақ жинақ азаяды, екінші жағынан - қаражат тұтынуға емес, салымшының инвестициясына бағытталады. Бұл жинақтаушы зейнетақы қорының бастапқы мақсаттарымен үндес", - деді сарапшы.

Досым Бесбайдың пікірінше, бұл тәжірибе жинақтаушы зейнетақы жүйесін құру логикасына да сай келеді: қаражат ұзақ мерзімде адамның әл-ауқатына жұмыс істеуі керек.
Сарапшы экономикаға жанама әсеріне де тоқталды. Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге белсенді пайдалану жылжымайтын мүлік нарығын және құрылыс секторын қолдап, кейінгі жылдары елдегі экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің біріне айналған саланы күшейтті.
Контекст
Еске салайық, жыл басында Қазақстанда зейнетақыны пайдалану ережелері өзгерді. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы шот ашылғаннан кейін өтініш беруші біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану үшін электрон өтінішті толтыруы қажет.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте