World News in Kazakh

ҚазҰПУ-дың экс-ректорының отбасы университет корпустарын жалға беріп пайда тапқан – прокуратура

Алматы прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) ғимаратының бір бөлігін мемлекет меншігіне қайтарды. Тексеру барысында нысандардың көп жыл бойы бұрынғы ректорға таныс тұлғаларға беріліп, кейін сол ғимараттар университетке жалға тапсырылғаны анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

31 қаңтарда прокуратура ҚазҰПУ ғимаратының 208 шаршы метрден аса бөлігінің заңсыз жекешелендірілгенін анықтағаны белгілі болды. Сот бұл мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сол кезде мемлекеттік мүлікке жауапты орган қайтарылған активке бағалау жүргізіп жатқаны айтылған.

Бұл даулы істің егжей-тегжейін Медеу аудандық прокуратурасы түсіндірді.

Университет өз спорт корпусын өзі жалға алып отырған

Прокуратураның мәліметінше, тексеру кезінде "мемлекет пен университет мүддесіне қайшы түрде үшінші тұлғаларға заңсыз сатылған" бірқатар нысан анықталған.

Солардың бірі - №4 оқу-спорт корпусы (Қазыбек би көшесі, 30). Оның жалпы аумағы шамамен 1400 шаршы метр.

Ведомство дерегінше, 2003 жылғы 27 қарашада университет ректоры Тоқмұхамед Садықов (1987-2008 жылдары қызмет атқарған) "Фирма Зураб" ЖШС-мен (қазіргі атауы - "ST Advisory" ЖШС) заңсыз сатып алу-сату келісімшартын жасаған.

Оқу корпусы сол кезде төмен бағамен - 5 070 250 теңгеге сатылған.

Анықтама: прокуратураның айтуынша, бұл нысанның 2026 жылғы бағалау құны 135 миллион теңге.

Прокуратура мәлімдеуінше, мемлекеттік мүлікті сату туралы шешімді уәкілетті орган емес, университет ректоры өз бетінше қабылдаған: бағалау жүргізілмеген, конкурс өткізілмеген, бағасы да тараптардың келісімімен белгіленген.

Ең сорақысы, спорт корпусы жекенің қолында тұрған уақытта ол университеттің өзіне дене шынықтыру сабақтарын өткізу үшін жалға берілген. Ал меншік иесі білім саласына қатысы жоқ, ғимаратты тек коммерциялық мақсатта пайдаланған.

Келісім бойынша университет (жалға алушы) алғашқы 30 ай бойы ай сайын 1 миллион теңге, кейін ай сайын 2 миллион теңге төлеуге міндеттелген.

Нәтижесінде оқу орны өз ғимаратын жалға алғаны үшін жекелерге жалпы 78 918 837 теңге төлеген.

Прокуратура дерегінше, 2018 жылы "Фирма Зураб" (қазіргі "ST Advisory") мен "Бекенова Б." жеке кәсіпкері арасында айына 70 мың теңгемен 2023 жылға дейін жалға беру шарты жасалған. Кейін осы жеке кәсіпкер мен ҚазҰПУ арасында да 2018 жылғы 4 қыркүйекте 2023 жылғы 1 ақпанға дейінгі жалға алу шарты рәсімделіп, нысан дене шынықтыру сабақтары мен спорттық-мәдени шараларға пайдаланылған.

Тек 2024 жылғы сәуірде ғана сату мәмілесі жарамсыз деп танылып, оқу корпусы ұлттық университеттің меншігіне қайтарылды.

Жатақхана жанындағы павильон "ректордың туыстарына сыйға" өткен

Прокуратура Қонаев көшесіндегі аумағы 208,8 шаршы метр болатын павильонды да қайтарды. Ведомство мәліметінше, ол 1995 жылы бұрынғы ректормен байланысты тұлғаларға төмен бағаға сатылған. Қазір оның құны 140 миллион теңге деп бағаланып отыр.

Прокуратураның айтуынша, кейінгі сатып алу-сату келісімдері формал әрі өзара байланысқан түрде жүргізілген: мүлік бірнеше мәрте бұрынғы ректордың отбасымен қатысы бар адамдар арасында қайта сатылып, ақырында жақын туыстарына сыйға тарту арқылы берілген. Осылайша нысан іс жүзінде мемлекеттік меншіктен аффилирленген тұлғалардың пайдасына шығарылған.

Қазір жатақхана маңындағы бұл павильонда, ведомство дерегінше, алкоголь өнімдерін сататын тәулік бойы жұмыс істейтін орын тұр.

Сот шешімдері

Прокуратура бастапқы және кейінгі барлық мәмілені сот арқылы даулаған. Соттар нысанды иеліктен шығару кезінде жекешелендіру туралы заңдар, жер және азаматтық заңнама нормалары бұзылғанын анықтаған.

2025 жылғы 16 сәуірде Медеу аудандық соты прокуратураның талабын ішінара қанағаттандырды.

2025 жылғы 3 қыркүйекте Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы талаптарды толық көлемде қанағаттандырды. Кассациялық саты сот актілерін өзгеріссіз қалдырған. Нәтижесінде прокуратура мемлекет пен университеттің жылжымайтын мүлікке құқығын қалпына келтірді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте