Айғыркісі
(Әңгіме)
Баяғыдан, алты ай жаз, сонау қар алғаш түскенге дейін қымыздан аузы құрғамайтын Есқұл отағасының күндегі әдеті — құлынды желіден бесін ауа ағытып, кекілі қалың кер биесімен ауылдан аулақтау аласа таудың қойнауына қарай кетіп бара жатады. Бүгін де солай. Қойнауда суы мөлдіреген жылға бар. Айналасы көкорай шалғын. Соған биесін таң азанға дейін жайып алады. Кешелері колхоздың жылқысын талай жыл бағып, талай күндерін түн күзетіп өткізіп, түзге түнеуге дені ауып қалған адам емес пе, көкорайы көз жауын алатын қойнаудың тымық түндегі кәусар ауасын сіміріп жатудың өзі пейіш. Самсаған жұлдыздарға көз салғанда, ойының сан-саққа кететіні бар; бірі самғап, бірі сарғайып, бірі сандалып...