World News in Kazakh

3 миллиард теңгелік онлайн-казино: ұйымдастырушы Грузиядан Қазақстанға жеткізілді

Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстанда заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікке ілінген Рантик Бақтияр Оғлыға қатысты тергеу жайын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Казино қалай жұмыс істеген?

Платформаны жүргізу үшін мыңнан аса құмар ойын ұсынылатын bingo37.pro сервисі пайдаланылған. Онда Crazy Monkey, Keno, Euro Game секілді ойындар болған.

Ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген: Онда жарнама, сурет, видеолар, түрлі акциялар мен бонустар туралы ұсыныстар таратылып, жеңіл әрі жылдам ұтысқа қол жеткізуге болады деген түсінік қалыптастырған. Ақша аударылғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логин мен құпиясөз берілген.

Қаржы айналымын жасыру және "дропперлер"

Ойыншылардан қаражат қабылдау және қаржыны жасыру мақсатында күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын, яғни дроперлерді тартқан. Олар Қазақстан аумағына әдейі келіп, банк шоттары мен нөмірлерді тіркеп, кейін оларды пайдаланбай, ұйымдастырушыға тапсырған.

Дроперлердің атына тіркелген шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден аса қаражат түскен.

Халықаралық іздеу және ұсталу

2025 жылғы тамызда Бақтияр Оғлыға халықаралық іздеу жарияланған. Сот сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. 2026 жылғы қаңтарда ол Грузияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.

Мүлікті тәркілеу

Мүлікті жасыру үшін үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлікке - PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 - қатысты соталды тәркілеу басталған. Сот бұл көліктерді мемлекет кірісіне өткізуді қаулы етті.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте