World News in Kazakh

Иран Түркияға қарай зымыран ұшырғаны туралы ақпаратқа жауап берді

Иран Түркия бағытына баллистикалық зымыран ұшырғанын жоққа шығарды. Бұл туралы Ислам Республикасы Қарулы күштерінің Бас штабы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі IRIB-ке сілтеме жасап.

"Ислам Республикасы Иранның Қарулы күштері көршілес әрі достас Түркия елінің егемендігін құрметтейді және оның аумағына қарай зымыран ұшырылды деген кез келген ақпаратты жоққа шығарады", - делінген хабарламада.

Мән-жайы
Бұған дейін Түркия аумағында Ираннан ұшқан баллистикалық зымыран атып түсірілгені туралы хабарлаған болатын.

"Иран аумағынан ұшырылып, Ирак пен Сирия әуе кеңістігі арқылы Түркияға қарай ұшқан баллистикалық зымыран уақытылы анықталып, Шығыс Жерорта теңізінде орналастырылған НАТО әуе және зымыран қорғаныс құралдарымен сәтті құлатылды", - деп хабарлады Түркия Қорғаныс министрлігі.

Хатай провинциясы Дёртйол ауданына түскен бөлшек баллистикалық зымыранды көкте жою кезінде қолданылған тосқауыл зымыранға тиесілі деп хабарланды. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Таяу Шығыстағы ахуал
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеранның ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді. 1 наурызға қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды.
Тегеран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы Америка базаларына қарсы шабуыл жасады.
АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға шабуылды төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте