World News in Kazakh

Көктем келгенде аллергия асқынады: оны суық тиюмен қалай шатастырмауға болады?

Гүл бүршік жара бастағанда аллергия да асқынады. Мамандардың зерттеуінше, тұрғындардың 20-40 пайызына дейін маусымдық аллергиядан зардап шегуі мүмкін. Аллергияны қалай тануға болады, өз-өзін емдеу қауіпті ме? Осы және өзге де сұрақтарға ӨКҚ-да өткен брифингте жоғары санатты аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ-дың жалпы иммунология кафедрасының профессоры Тайыр Нұрпейісов жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы — елдегі ең аллерген қаланың бірі. Бұл табиғи жағдаймен қатар, ауада тозаңы көп тарайтын өсімдіктер көп болуымен де байланысты.

«Есеп бойынша Алматыда аллергиясы бар адамдардың саны 20-40 пайызға жетіп қалады. Науқастардың көпшілігі — жастар мен балалар, бірақ аллергия егде жастағы адамда да болады. Негізгі белгілері: мұрыннан су ағады, мұрын бітеледі, түшкіреді, кейде жөтел пайда болып, ауа жетпей тұрғандай сезім болады», — дейді Тайыр Нұрпейісов.

Дәрігердің айтуынша, қала тұрғындары маусымдық аллергияны кәдімгі суық тиюмен немесе ЖРВИ-мен жиі шатастырады. Шынында да, олардың белгілері ұқсас болуы мүмкін, сондықтан уақытты текке өткізбей мамандарға жүгінген жөн.

«Көпшілік маусымдық аллергия мен ЖРВИ-ді жиі шатастырады, себебі олардың қатты айырмашылығы жоқ. Аллергияның белгісі басқа аурулардың белгісіне ұқсай береді. Бұрыннан аллергиясы бар адамдар аллергия жылда бір рет асқынатынын біледі. Бірден дәрігерге қаралады. Бірақ емді антибиотиктерден бастамау керек», — деп ескертті маман.

Тайыр Нұрпейісовтің айтуынша, өзін-өзі емдеу, әсіресе, антибиотиктерді есепсіз ішу аллергияны асқындырып жіберуі мүмкін. Оның айтуынша, пандемиядан кейін Алматыда ауыр аллергиялық реакция болып, соның ішінде дәріден аллергия болғандар жиілеген.

Сондай-ақ, маман қазір аллергиялық ринит балаларда да жиі анықталатынын айтты. Бұрын бұл ауру көбіне үлкендерде болады деп есептелсе, қазір оның белгілері екі-үш жастағы балаларда да байқалуы мүмкін.

«Қазір онымен екі-үш жастағы балалар да ауырады. Сондықтан ата-анасы асығыс емдеуге кіріспеуі, дәрігердің рұқсатсынсыз балаға антибиотик бермеуі керек. Себебін дұрыс анықтау үшін педиатр немесе аллергологпен кеңескен дұрыс», — дейді Тайыр Нұрпейісов.

Маманның сөзінше, Алматыдағы негізгі аллергендер — ағаштар мен шалғын шөптердің тозаңы. Олардың ішінде ең жиі кездесетіні — қайың, терек, сондай-ақ, атқонақ, үйбидайық, тарғақшөп. Бұл өсімдіктердің тозаңы алысқа тарап, қаланы кезіп жүреді.

Дәрігер аллергиялық ринитті емдеудің қазіргі заманғы әдістері туралы да айтты. Ең алдымен аурудың белгілерін басатын дәрілер қолданылады, сондай-ақ, мұрынға арналған спрейлер пайдаланылады. Сонымен қатар, бүгінде аллергенге арнаулы иммунотерапия (АСИТ) да кеңінен қолданылып келеді, қазір ол — ең тиімді емдеу әдісінің бірі.

Тайыр Нұрпейісов қала тұрғындарын денсаулығына мұқият қарап, аллергияның белгісі байқалса, бірден мамандарға жүгінуге шақырды.

Сообщение Көктем келгенде аллергия асқынады: оны суық тиюмен қалай шатастырмауға болады? появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.

Читайте на сайте