World News in Kazakh

Ораза айт - 2026: қай күні тойланады және мерекенің мәні неде?

Ораза айт – мұсылмандар үшін маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн қасиетті Рамазан айының аяқталуын білдіреді және бір ай бойы ұстаған оразаның қорытындысы саналады. 2026 жылы Ораза айт қай күні өтеді, мерекенің мәні неде? Толығырақ - Tengrinews.kz материалында.
2026 жылы Ораза айт қай күні?
Ислам күнтізбесі ай фазаларына негізделетіндіктен, мерекенің нақты күні бір күнге өзгеруі мүмкін. Дегенмен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми күнді алдын ала жариялап отырады.
2026 жылы қасиетті Рамазан айы ақпанның ортасында басталды. Ал Ораза айт Рамазан айы аяқталғаннан кейінгі алғашқы күні атап өтіледі.
ҚМДБ мәліметінше, биыл 17 наурызға қараған түн - қасиетті Қадір түні, ал 20 наурыз - Ораза айт мерекесі. Бұл күні мұсылмандар бір ай бойы ұстаған оразасының аяқталуын атап өтеді.
Айта кететін жайт, Ораза айт – бір күн. Алайда халық арасында қалыптасқан әдет бойынша үш күнге дейін дастарқан жайылып, айтшылау жалғаса береді. Ораза айт Қазақстанда ресми демалыс күні болып саналмайды.
Ораза айт мерекесінің мәні
Ораза айт – Рамазан айындағы бір айлық оразаның аяқталуын білдіретін қасиетті мереке. Бұл күн мұсылмандар үшін рухани тазарудың, сабыр мен мейірімділіктің нәтижесін сезінетін ерекше уақыт. Рамазан айында мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден ғана емес, жаман сөз бен жаман әрекеттерден де тыйылып, сабырлыққа тәрбиеленеді.
Сонымен қатар адамдар көбірек дұға жасап, қайырымдылық істерге көңіл бөледі. Ораза айт – осы бір айлық рухани тәрбиенің қорытындысы. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, өкпе-ренішті ұмытып, татулық пен мейірімділікті нығайтуға тырысады.
Ораза айтқа дайындық
Ораза айтқа дайындық Рамазан айының соңғы күндерінде басталады.
Айт қарсаңында әдетте мынадай дайындықтар жасалады:

Үйді тазалау – мерекені таза әрі жайлы үйде қарсы алу үшін;
Пітір садақа беру – мұқтаж адамдарға көмек көрсету мақсатында айт намазына дейін беріледі;
Мерекелік тағамдар дайындау – дастарханға арналған ұлттық және тәтті тағамдар әзірленеді;

Айт намазы, яғни Ораза айттың алғашқы күні басталмай тұрып әр мұсылман міндетті түрде пітір садақа беруі керек. Мұндағы мақсат - мұқтаж адамдарға көмектесіп, олардың да осы мерекені қуанышты өткізуіне сеп болу.
Пітір садақа мөлшерін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы бекітеді. Қазақстанда 2026 жылы пітір садақасы адам басына 735 теңге болып белгіленген. Негізі пітір садақаны айттың бірінші күні берген уәжіп. Оны жағдайы келмесе, айттан кейін де бере алады. Алайда айтқа дейін берген абзал.
Қазақстандағы Ораза айт дәстүрлері
Ең алдымен таңда бүкіл мешітте айт намазы оқылады. Намаз уақыты әр қалада әртүрлі. Сондықтан нақты кестені нақтылап алған жөн. Айт намазын күн шыққан соң, жамағатпен оқиды.
Намаздан шыққан соң, бәрі бір-бірін құттықтап, "Ораза айт құтты болсын!", "Айттан айтқа жете берейік!" деп жылы сөз айтады. Туыстардың үйіне айттап барып, сәлем беріп шығады.
Айтты мұсылман қауымы ерекше күтеді. Сондықтан отбасылық дәстүр ретінде бұл күні үйді де сәндеп, бар дәмдісін пісіріп, дастарқан жаяды. Құдайы қонақты әр үйде күтіп отырады. Өздері де ауыз тиюге басқалардың үйіне барады. Бауырсақ пісіріп, ет асылады.
Ораза айт пен Құрбан айттың айырмашылығы
Ислам дінінде екі үлкен мереке бар: Ораза айт және Құрбан айт. Екеуі де мұсылмандар үшін маңызды болғанымен, олардың мәні әртүрлі.
Ораза айт – Рамазан айындағы бір айлық оразаның аяқталуына арналған мереке. Бұл күні мұсылмандар ауыз ашып, Аллаға шүкіршілік айтып, бір-бірін құттықтайды.
Ал Құрбан айт – қажылық маусымы аяқталғаннан кейін атап өтілетін мереке. Бұл күні мұсылмандар Алла разылығы үшін құрбандық шалып, оның етін мұқтаж адамдарға таратады.
Осылайша, Ораза айт – оразаның аяқталуын білдіретін мереке болса, Құрбан айт – құрбандық шалу мен қажылықпен байланысты қасиетті мейрам.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте