World News in Kazakh

Бес қазақстандық Таиландтағы турнирде алтын үшін бақ сынайды

Қазақстандық боксшылар Жалғас Өтебеков, Досжан Жұмақан, Бейбарыс Әшірбай, Камила Оспанова және Айдана Убайдуллақызы Бангкокта өтіп жатқан турнирдің финалына жолдама алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ақтық жекпе-жектер 15 наурызда өтеді.

90 келіге дейінгі салмақта Жалғас Өтебеков Самоа елінің боксшысы Энтони Патимен кездесті. Қазақстандық боксшы алғашқы екі раундты сенімді өткізді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен оның жеңісін жариялады.

60 келіге дейінгі салмақта Досжан Жұмақан француз боксшысы Давид Арутюнянмен жұдырықтасты. Жекпе-жек қорытындысында төрешілердің 4:1 есебімен шығарған шешімі бойынша Жұмақан жеңіске жетті.

70 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс Әшірбай жартылай финалда марокколық Маруан Джаафримен кездесті. Үш раунд қорытындысында төрешілер 5:0 есебімен қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды.

Қыздар арасында 70 келіге дейінгі салмақта Камила Оспанова америкалық Марли Макнилимен жекпе-жек өткізді. Үш раундтың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы Вьетнам спортшысы Тхи Май Ан Даммен кездесті. Айдана қарсыласын бірінші раундтың өзінде үш рет нокдаунға жіберіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетейік, World Boxing ұйымы ұйымдастырған 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы бұл турнирге Қазақстаннан 19 спортшы қатысып жатыр.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте на сайте